Тұрғын: «Малдың қалдығын канализацияға тастайды»

33

Бұл видеоны Мәделі қожа көшесінің тұрғындары түсіріп алған. Айтуларынша, мал сою алаңының иелері ішек-қарнын кәріз жүйесіне тастайды. Малды ұстайтын қорадан адам төзгісіз иіс шығады дейді тұрғындар. Жергілікті бұқараның шағымынан соң, заңгерлер мен су арнасының мамандары тексеріс жүргізген.

Бахтияр Әбдрасулов, «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-нің заңгері: «Шымкент қаласы Мәделі қожа көшесі бойында орналасқан 59, 109,111 үйлері лабораториямен бірлесіп  тексеру барысында сол үйдің иелері қойларды сойып, біздің  кәріз құбырына тастап жатқандығы, қан анықталды».

Алайда, кәсіпкерлер журналистердің келуіне дайындалып үлгерген сыңайлы. Себебі, түсірілім тобы келген бойда кәріз жүйесінен қалдық табылмады. Тек ауладағы бір үйдің суынан қан анықталды.

Ал жергілікті кәсіпкерлер бұл мекеме ірі қараларды союмен емес, тек сатумен айналысатынын айтады.

Мамандардың сөзінше кәріз жүйесіне мал қалдықтарынан бөлек өзге де биоматериалдар тастау заңмен тыйым салынған. Бұл су тазарту қондырғыларына түрлі зақым әкелуі мүмкін. Биогаз орнату кезіндегі ашыту процесіне қан түскен жағдайда пленка пайда болады. Ал бұл қалдықтардың таралуына жол бермейді.

Ринат Хамидуллин,  «Су ресурстары-Маркетинг» ЖШС-і қоғаммен байланыс жөніндегі менеджері: «Сумен жабдықтау және су бұру жүйесін пайдаланудың арнайы ережелері бар осы Ережелерге сәйкес қалалық кәріз желісіне улы заттарды тастауға тыйым салынады, сонымен қатар мал сою алаңдары, қан, органикалық ішек  тастауға болмайды. Біздің мекемеге Мәделі қожа көшесінің тұрғыны жүгініп,
көршілерінің мал союмен айналысатынын айтты. Салдарынан канализацияға қан түсіп, өте жағымсыз иіс пайда болатынын хабарлады».

Бүгінде су бұру қызметінен үш кәсіпкер ажыратылды. Олар қалалық су арнасына хат жазып, тиісті су сынамалардан өту қажет. Егер кәріз жүйесінен қан табылмаса ғана бұл жүйені қайта пайдалануына рұқсат беріледі.