Жас патриоттар әскери ойындарға аттанды

98
фото Шымкент гарнизоны

 

Шымкент қаласының теміржол вокзалы мен әуежайында Қарағандыдағы «Спасск» оқу орталығының базасында өтетін «Айбын-2023» халықаралық әскери – патриоттық жастар жиынына қатысу үшін Шымкент қаласының «Арыстан» және Түркістан облысының «Арыс» командаларын шығарып салу өтті.

«Арыстан» және «Арыс» командалары қала мен облыстың жалпы білім беретін мектептерінің «Жас Сарбаз» әскери-патриоттық сыныптарының тәрбиеленушілерінен құралған. Әр оқушы өз мектебіндегі белсендірлердің бірі. «Айбын» халықаралық жиынына қатысу олар үшін жаңа тәжірибе алып және өз әлеуетін көрсететін мүмкіндік болмақ.

Жөнелту алдында командалардың барлық өкілдері екі айлық алғашқы әскери дайындықтан өтті, оның ішінде пневматикалық мылтықтан ату, жалпы әскери қорғаныс жиынтығын кию, арқан тарту, кермеде тартылу және әскерилендірілген эстафетадан өту.

Қалалық қорғаныс істері департаментінің бастығы полковник Әбдіғабит Шегебаев атап өткендей, мұндай жиынға қатысу жастарға өздерін сынауға, қиын жағдайларда дүрыс шешім қабылдап үйренуге, олардың дене дайындық деңгейін арттыруға және рухани бөлігін нығайтуға көмектеседі.

– Жастар жинынан кейін біздің ұлдарымыз тәуелсіз, жауапты және болашақта Отанын қорғауға дайын азамат болып оралатынадарына сенемін, – деп қосты полковник Әбдіғабит Шегебаев.

«Айбын» халықаралық әскери-патриоттық жастар жиыны дәстүрлі түрде әр жазда Қарағанды облысында өткізіледі. Биыл 5 күндік жиында 43 команда бақ сынайды, бұл 700-ге жуық оқушы.
Түркістан облысының «Арыс» командасын сүйемелдейтін облыстық қорғаныс істері департаменті бастығының орынбасары подполковник Жандос Құлдербаев сапардың егжей-тегжейін айтып берді.

– Менімен бірге 15 бала барады. Бұл жыл сайынғы іс-шара және келесі аптада балалар нағыз «әскери өмір» көріп, мол әсер алады. Күндізгі уақытта өтетін көптеген сайыстардан кейін, кешке ұйымдастырылатын мәдени-бұқаралық іс–шаралар балалардың шаршауын басып, жаңа дем беруі керек, – деп атап өтті подполковник Жандос Құлдербаев.
Соңында шығарып салушылар барлық қатысушыларға сәттілік пен жеңіс тіледі.