Түркістан облысының әкімі тұрғындарды қабылдады. Бірқатар аудан тұрғындары облыс басшысына өзекті мәселелерін айтып, қол ұшын беруді сұрады. Өз кезегінде Дархан Сатыбалды бұл азаматтардың ұсыныстары мен сауалдарына қатысты тиісті жұмыстар жүргізілетінін атап өтті.
Облыс әкімі өзінің жеке қабылдау кестесіне сәйкес өңір азаматтарының түйткілді мәселелерін тыңдады. Қабылдауға жазылғандардың қатарында ерекше балалардың ата-аналары да бар. Олар Түркістан қаласынан ерекше күтімді қажет ететін балалардың ата-аналар одағын ашу туралы ұсыныс білдірді.
Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Тең қоғам» орталығынан орын береміз. Қазір 12 аудан қалаларда бар екен. Соны береміз. Содан бастай беріңіз. Кейін басқа аудандар да сондай ашамыз».
Облыс әкімі тұрғындардың бірқатар ұсыныстарын заңға сәйкес зерделеп, кейбір мәселелерді шешуге уақыт керектігін айтты. Дархан Сатыбалды халықпен тікелей диалог орнату, өтініштері мен талап-тілектерін тыңдау бағытындағы жұмыстар жалғасатынын жеткізді.
Айта кетейік, жиынға аудан тұрғындарынан бөлек басқарма басшылары мен аудан, қала әкімдері қатысты. Облыс әкімі жауаптыларға басқосуда көтерілген мәселелер бойынша бірқатар тапсырмалар жүктеді.