Шымкентте биыл жарты млрд теңгенің жалақысы өндірілді

98

Биыл Шымкентте еңбек шартын бұзған 167 факті тіркелді. Еңбек инспекциясы тексеріс жүргізу барысында 1000-ға тарта азаматтың жалақысы өтелген. Ал 31 оқиға бойынша жұмыс берушіге 6,8 миллион теңге айыппұл салынған. Қазір оның басым бөлігі өтелді. 

Шымкентте жыл басынан бері 167 еңбек шартын бұзу фактісі анықталып, 6,8 миллион теңге айыппұл салынды. Еңбек инспекциясына тұрғындар 700-ден аса арыз қалдырған. Өтініш негізінде мамандар 114 тексеру жүргізді. Нәтижесінде 118 олқылық орнына келтірілді.

Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы басқармасының басшысы: «167 құқық бұзушылық болса, соның 108-і жалақы төлеуге байланысты. Көбіне жалақы бермеу бойынша келеді. Ал қалған салалардан құқық бұзушылық бойынша 1-2 өтініш қана келеді. 6,8 млн. теңге айыппұл салынса, 4,6 млн. өндіріліп алынды. 31 айыппұлдың 25-і өндірілді»

Сала маманының айуынша көбіне мекемелер қызметкерлерге жалақы беруден жалтарған. Биыл айлығына қол жеткізе алмай жүрген 1024 жұмыскердің құқығы қорғалды. Тұрақты тексерудің арқасында 42 кәсіпорында жұмыс істеген 945 азаматтың 454 млн. теңгесі өтелді.

Бауыржан Қалжанов, Шымкент қаласы мемлекеттік еңбек инспекциясы барқармасының басшысы: «Енді өндірілмеген 2 кәсіпорындағы 72 қызметкердің жалақысы қалды. «Rio Med» ЖШС-гі 71 қызметкер 1 ай жұмыс істеген. Сол 1 айдың ақысы, «СПИК Аккорд» АҚ-ы 1 қызметкердің жалақысы қалды. Өндірілмегендердің өзінің уақытысы болады. Орта есеппен 15 күн. Одан асса сот орындаушылармен бірлесіп жұмыс істейміз»

Айта кетейік, арызданушылардың басым бөлігі құрылыс, денсаулық сақтау, фармацевтика, сауда саласына тиесілі. Олардың әрқайсысынан 100-ден аса шағым келіп түскен. Ал ең азы спорт саласында. Бұл салада жыл басынан бері 4 арызданушы тіркелген.