Биыл Шымкентте 12 «Жайлы мектеп» құрылысы басталады

37

Шымкентте 18 «Жайлы мектеп» салынады. Ол үшін бюджеттен 33 млрд. теңге бөлінген. Қазір құрылысқа қажетті материалдарды таңдау жұмысы жүргізіліп жатыр. Сондықтан кәсіпкерлік палатасында бизнес иелері мен жауапты мамандар бас қосып, отандық өнімдердің таныстырылымы өтті.

Шымкентте 2025 жылға дейін 18 жайлы мектеп бой көтереді. Оның 12-сінің құрылысы биыл басталады деп жоспарланған. Ал шарт бойынша заман талабына сай білім ұясы 95 пайыз отандық өнімнен салынады. Сондықтан жергілікті кәсіпкерлер мердігер мекемеге өз тауарларын таныстырды. Соның бірі керамогранит өндірісі. Шымкенттік кәсіпкер таза табиғи қыш тақтайшаларды кез келген формада ыңғайлап жасап беретінін айтады.

Абай Әлімбеков, «Zerde ceramics» компаниясының өңірлік сату бөлімі басшысы: «Жоба бойынша жаңа формада, кез келген таңдау бойынша компания керамогранит тастарын жасап беруге қауқарлы. Қазір Еуропадан мамандар алдырып, жаңа стильде, формада жаңа дүниелер жасап шығаруға тырысып жатырмыз».

Ал Оразалы Кәрімбай қауіпсіздік саласында жұмыс істейді. Ол мектеп оқушыларының қауіпсіз аймақта білім алғанын қамтамасыз етуді мақсат етіп отыр. Сондықтан кәсіпкер автоматизациялау технологиясын ұсынды.

Оразалы Кәрімбай, «Eagle Tech» ЖШС-нің өкілі: «2 бағыт бойынша ұсыныс беріп отырмыз. Біріншісі кешенді қауіпсіздік экожүйесі. Бұл мектепте балалардың мейлінше қауіпсіздігін қамтамасыз етуге бағытталған керемет шешімдер. Ал, екіншісі, білім саласын автоматизациялау. Біз осы екеуін біріктіріп бірегей интеграцияланған жүйені ұсынып отырмыз».

Жайлы мектепті салуға бас мердігер ретінде 4 компания бекітілген. Олар конкурс негізінде таңдалып алынды. Құрылыс жүргізуші мекеме енді қандай тауарлар қолданатынын таңдайтын болады. Ал кәсіпкерлік палатасы құрылыс барысына бақылау жүргізіп отыратынын айтады.

Сабира Адамбекова, Шымкент қалалық кәсіпкерлер палатасының директоры: «Компаниялар барынша Қазақстанда бар өнімдерді қолданады. Егер жоқ болған жағдайда ғана шетелдік өнім сатып алуға мүмкіндік алады. Негізінде құрылыстың 95 пайызы өзіміздің өнім болуы тиіс»

Қазір ерекше білім ордасын салуға арналған құрылыс материалдары таңдалып жатыр. Себебі әлі жобалық-сметалық құжаттама жасақталып бітпеді. Ал құрылыс жұмысын жүргізуге бюджеттен 33 млрд. теңгеден аса қаражат бөлінді.