Мемлекеттік қолдаулар туралы насихат жұмыстары жүргізілуде

26

Бүгінде «Ауыл аманаты» пилоттық жобасын насихаттау жұмыстары қарқынды жүргізілуде. Аталмыш бағдарлама аясында берілетін жеңілдетілген несиелер мен қайтарымсыз гранттар туралы барынша ақпараттандыру жұмыстары жүргізіліп жатыр.

 

Бұл ауыл азаматтары үшін мемлекет тарапынан көрсетіліп жатқан көмекті дер кезінде пайдаланып, кәсібін ашып, ісін ілгерілетіп кету үшін таптырмас мүмкіндік болып отыр. 2023 жылдың 17 тамыз күні Түркістан облысына қарасты Қазығұрт аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің ұйымдастыруымен «Кәсіпкерлерге қызмет көрсету орталығының» мәжіліс залында «Ауыл аманаты» пилоттық жобасы мен басқа да мемлекеттік бағдарламалар шеңберінде берілетін мемлекеттік қолдаулар аясында аудан тұрғындарымен жиналыс өтті.

 

Жиналысқа Түркістан облыстық Іскер әйелдер кеңесі төрайымының орынбасары Г.Тажибаева, облыстық мәслихат депутаты Д.Егамбердиева, аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімі басшысының орынбасары Б.Өсербаев, аудандық жастар ресурстық орталығының директоры С.Қыпшақбаев және кәсіпкерлер мен ауыл тұрғындары қатысты. Жиналыс барысында кәсіпкерлер, тұрғындар тарапынан туындаған сұрақтар қойылып, нақты жауаптар берілді.

Бүгінде Қазығұрт ауданында жеке кәсібін ашуға ниеттілердің қатары артып отыр. Аталған бағдарлама олар үшін стимул болуда. Атаулы қолдаулардың арқасында ауыл азаматтары кәсіпкерлігін ілгерілетіп, аудан экономикасының дамуына қомақты үлес қосады деген сенім бар.