Ордабасы ауданының әкімі тағайындалды

154

Қызметтік ауыс-түйіс Ордабасы ауданында да болды. Өңірге жаңа әкім тағайындалды. Ал ауданның бұрынғы басшысы Нұрбек Бадырақов басқа жауапты қызметке ауысуына байланысты өз өтініші негізінде қызметінен босатылды. Әкім «креслосына» осыған дейін орынбасар лауазымында болған Азат Оралбаев отырды. Жаңа әкімді Түркістан облысының басшысы Дархан Сатыбалды таныстырды.

Азат Оральаев, Ордабасы ауданының әкімі: «Алдағы уақытта Ордабасы ауданының, туып-өскен жерімнің ары қарай дамуына, әлеуметтік-экономикалық даму бағытындағы жұмыстарды, жаңағы айтқан бүгінге дейінгі бастаған жобаларды ары қарай да аяқтап, осы ауданның дамуына барынша бар күш-жігерімді салып жұмыс істеймін деп сіздерді сендіргім келеді. Осында отырған депутаттарға да үлкен алғысымды білдіремін. Осылай аудан халқымен, аудан ардагерлерімен, депутаттарымен бірлесіп, алдамыздағы мақсаттар бар, жоспарларды орындаймыз . Өзіңізге үлкен алғысымды білдіремін.»

Азат Оралбаев 1983 жылы Ордабасы ауданында туған. Ол Ордабасы ауданы Бадам ауыл округі әкімі аппаратының бас маманы, Бадам ауыл округі әкімінің орынбасары қызметін атқарған. Кейін Ордабасы аудандық кәсіпкерлік және ауыл шаруашылығы бөлімінің бастығы, аудандық әкім аппаратының басшысы болған. 2017 жылдан қазіргі уақытқа дейін Ордабасы ауданы әкімінің орынбасары қызметін атқарып келді.