Отырарлық тұрғын ауылына көпір салып берді

184

Отырар ауданы Ескі Шілік елдімекенінде ауыл арасын жалғайтын Беларық каналының бойынан көпір салынып, пайдалануға берілді.

Көпірді ауыл тұрғыны Нұрсейіт Құдіретілләұлы жерлестеріне арнап салып берген. Көптің тілеуін орындаған азамат елдің батасын алды.

Фото: Отырар ауданы әкімдігінің баспасөз қызметі

Көпірдің салтанатты түрде лентасын қию рәсімінде Шілік ауыл округінің әкімі  Айдархан Рүстемов ел аузында көптен бері айтылып жүрген мәселеге бей-жай қарамай, көпір салу ісіне қолдау білдірген Гүлсара Сейтжанова мен оның тәрбиесін алған ұрпақтарына елдің алғысын айтты. Сонымен қатар көпір салу арқылы игі іс жасап, елдің алғысына бөленген ауыл тұрғынының иығына шапан жауып, құрмет көрсетті.

Ал қоғам қайраткері Әлімжан Құртаев, ауыл имамы Жасеков Әзімхан, ауыл қариясы Әбуов Құрбандар сауабы мол қайырлы істі қолға алып, ел игілігіне қажетті көпір салып берген азаматтың өнегелі ісіне ризашылықтарын білдірді.

Жиында ауыл ақсақалы Хаббибулла Тұрысов жұртшылыққа ақ батасын беріп, елдің амандығын тіледі.