Туризм саласындағы кәсіпкерлердің шығыны өтеледі

43
фото Хабар

Мәдениет және спорт министрлігі туризм саласындағы кәсіпкерлердің шығындарын өтеу үшін 480 млн теңге болатын 29 өтінім мақұлданғанын хабарлады. Қаражат туристік объектілер мен жол бойындағы сервис объектілерін салуға және реконструкциялауға, туристік автобустар мен тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықтарды сатып алуға жұмсалады.

Естеріңізге сала кетейік, өткен жылдың басынан бастап Қазақстанда туризм саласындағы кәсіпкерлерді мемлекеттік қолдаудың 7 жаңа шарасы қолданысқа енген, олардың ішінде – белгілі бір шығындарды ішінара өтеу де бар.
«Мәселен, туробъектілерді салу және реконструкциялау үшін кәсіпкерлік субъектісіне шығындарының 10%-і өтеледі. Дәл сондай қолдау кәсіпкерге жол бойындағы сервис объектілерін: қонақ үйлер, жанармай құю бекеттері, сауда және тамақтану пункттерді салу үшін көрсетіледі. 8 және одан да көп орындық автобустарды сатып алғаны үшін 25% көлемінде өтемақы көзделген», – дейді ведомство.
Тау шаңғысы курорттарына арналған жабдықты сатып алу шығындары тең көлемде өтеледі. Сондай-ақ санитарлық-гигиеналық тораптарды ұстау субсидияланады, ол үшін айына 83 000 теңге бөлінеді. Министрліктің айтуынша, туризмді дамытқысы келетін кәсіпкерлер саны артып келеді.