Мас халде көлік тізгіндеп, жол-көлік оқиғасын жасаған азамат әкімшілік қамауға алынды

43
фото Айқын.кз

Ордабасы ауданы полицейлері ішімдік ішіп, көлік тізгіндеудің соңы сәтсіздікке алып келетінін жүргізушілерге түсіндіру жұмыстарын ұдайы жүргізіп келеді. Осыған қарамастан өз өмірімен қатар өзгеніңде өмірін қатерге тігіп, масаң күйде көлік басқарушылар саны азаяр емес.

Мәселен Шұбарсу ауыл округінде ауыл тұрғыны «Opel vectra» маркалы автокөлігін мас халде басқарып келе жатып, өз бағытында өтіп бара жатқан «DAF» маркалы жүк автокөлігіне соқтығысып, жол-көлік оқиғасын жасап, жүк көлігі иесіне материалдық шығын келтірген.
Оқиға орнына тәртіп сақшылары жедел жетіп, істің ақ-қарасын ажыратуға бірден кірісті. Аталған жайтты ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабы «Жүргізушінің көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйде басқаруы, сол сияқты көлік құралын алкогольдік, есірткілік және (немесе) уытқұмарлық масаң күйдегі адамның басқаруына беру» бойынша әкімшілік іс қозғалды. Жол көлік оқиғасын жасаған азаматқа қатысты медициналық сараптама тағайындалып, полиция қызметкерлері орын алған оқиғаға байланысты іс-құжаттарды жинап, заңды шешім қабылдау мақсатында Ордабасы аудандық сотына жолдады. Соттың шешімі бойынша спирттік ішімдік ішіп масаң халде көлік тізгіндеген азамат ҚР ӘҚБтК-нің 608-бабына сәйкес «кінәлі» деп танылып, 20 тәулікке әкімшілік қамаққа алу туралы шешімі шықты.
Өз кезегінде, аудан полицейлері жүргізушілер мен жаяу жүргіншілерді жол қозғалысы ережелерін қатаң сақтауға шақырады. Автокөлікке мас халде отырмаңыз, оның соңы жазатайым оқиғалар мен өлімге әкеп соқтыруы мүмкін. Қашықтықты және маневр жасау ережелерін сақтау, жылдамдықты асырмау және қарсы жолаққа шықпау қажет. Жүргізушілер, үнемі жол қауіпсіздігі ережесін орындаса, тәртіпке бағынса, өз өмірі мен жолаушылардың өмірін сақтайтынын есте шығармағаны жөн.