Борышкерлерге қатысты тағы бір маңызды мәлімет

27
Наурыздағы борышкерлер

Қазақстанда банкроттық рәсімін жеңілдету үшін төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспарын бекіткен борышкерлерге елден шығуға тыйым салмау ұсынылды.

Вице-премьер – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаевтың  айтуынша, жекелеген борышкерлер кейбір заңнамалық кедергілердің салдарынан банкроттық рәсімін кеңінен қолдана алмай отыр. Осыған байланысты министрлік бірқатар түзету ұсынды.

«Төлем қабілеттілігін қалпына келтіру жоспары бекітілгеннен кейін борышкердің шетелге шығуына тыйымды алып тастау ұсынылады», — деді Жамаубаев үкімет отырысында.
Қолданыстағы нормаға сәйкес, борышкер жоспарды орындаудың барлық кезеңі, яғни 5 жыл бойы ел аумағынан шыға алмайды.
Сондай-ақ мынадай өзгерістерді енгізу көзделіп отыр:

соттан тыс банкроттыққа жататын қаржы ұйымдарының тізбесін кеңейту (уәкілетті органның лицензиясынан айырылған, оның ішінде таратылған қаржы ұйымдарының міндеттемелерін қосу);

азаматтарды соттан тыс банкроттық рәсімін қолдану туралы өтінішке қосымша құжат беруден босату (қажетті мәліметтерді тиісті ұйымдардың базасынан алу жоспарлануда).

Десе де, Жамаубаев банкроттық барлық мәселені шешпейтінін атап өтті. Оның үстіне банкроттықтың салдары да бар: кредит алуға 5 жылға тыйым салынады, үш жыл бойы қаржылық жағдайы бақыланады және тағы басқа.
Министрдің ақпаратынша, бүгінгі таңда 6 мыңнан астам азамат банкрот деп танылған. Борыш сомасы 9 млрд теңгеден асады.