25 қазан Республика күнінде Шымкент аспаны ән мен күйге бөленіп, айналаны мерекелік атмосфера көмкеріп тұр. Сонымен қатар өздеріңіз көріп тұрғандай, бүгін мемлекеттік нышандар ерекше ұлықталуда. Қала тұрғындары мен белсенділері айтулы датаның ерекше аталып өтуіне өз үлестерін қосып, тәуелсіздік саябағына жиналды.
Төреайым Сұлтанова, депутат: «Президентіміздің қаулысымен барша жастарға үлгі болатын еліміздің туын биіктен желбірете беретіндей республика күні деп атап өту өте бүгінгі таңда маңызды деп ойлаймын. Өйткені еліміздің туының биікте болуы бүкіл әлемге таралуы жастарға үлгі болатындай осындай мейрамдарды атап өту керек. Бұл патриоттық сезім, жастарға рух береді, өз отан елін сүйгіштігін көрсетеді».
Қала халқын ұлттық мерекемен құттықтап, мемлекеттік ту көкке көтеру рәсіміне қала басшысы мен жергілікті жұртшылық та белсене қатысты. Олар 25 қазан республика күнінің тәуелсіз еліміз үшін маңыздылығын атап өтті.
Нұрмаш Шағаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Бүгінгі мынау еліміздің ең қасиетті де қадірлі мерекесі республика күні құтты болсын. Бастарыңызға амандық, дендеріңізге саулық тілейміз. Әрбір жанұя бақ қонып, қыдыр дарысын. Бұл мереке басқа мерекелерге қарағанда өте қасиетті».
Әбубәкір Таштаев, «Мұрагер» РҚБ төрағасының бірінші орынбасары: «Ата-бабаларымыз уақытысында найзаның ұшымен, қылыштың жүзімен алған үлкен Қазақстанның жері. Сол жерімізді біздер жастар қорғап, елімізге бақыт сыйлап, келешегіміздің халқымыздың еліміздің экономикалық өркендеуіне ықпал жасап, үлес қосамыз деген үміттеміз».
Халқымыздың еркіндігі мен бостандығының кепілі болған ұлттық мерекеге орай үшінші мегаполисте концерт ұйымдастырылмақ. Онда қазақтың өнер жұлдыздары ән шырқап, өңір тұрғындарына керемет көңіл-күй сыйламақ.