Соңғы кездері әлеуметтік желіде сублимацияланған жемістер сәнге айналды. Көпшілік оны «пайдалы чипсы» деп жарыса сатып алуда. Алайда дәрігерлер бұл өнімді тұтынуда сақтық таныту керектігін айтады. Құрамындағы дәрумендері толық сақталады деп сеніп жеген құрғақ тәттілердің, керісінше, қанты көп әрі жоғары калориялы өнім екені анықталды.
Соңғы кезде халық арасында таңсық асты татып көру жаппай трендке айналғандай. Әуелі көлемі мен көрінісі көздің жауын алатын «Шайн мускат» шықты. Алып жүзімнің ізін ала қорабы сәнді, өзі ерекше тәтті «Дубай шоколады» келді. Бұл – кешегі күннің әңгімесі. Ал бүгін қоғам қызығушылығын тудырып отырған өнім — сублимацияланған жемістер. Бағасы удай болса да, сатылымы азаяр емес. Ал оның ағзаға әсерін зерттеп көрдіңіз бе?
Бұл – әуелі мұз күйінде қатырылып, кейін арнайы құрылғының көмегімен жеміс құрамындағы суды буға айналдыру арқылы дайындалатын өнім. Осы тәсіл арқылы жемістің пішіні мен құрамындағы қант мөлшері сақталады. Дегенмен мамандар оның пайдасынан зияны көп екенін айтады. Ал жаңашылдыққа құмар жұрттың сублимацияланған жемістер туралы пікірі қандай?
«Енді трендтен қалғысы келмейді ғой. Алып жейді ғой енді, қызық болған соң. Әсіресе жастар».
«Жағымсыз ғой. Балмұздақ жегендей болмайсың. Енді жемейтіндей болдым ғой. Бір жегеннен кейін».
«Қазіргі таңда жастардың арасында тик-токта тренд болып кетті ғой. Сол себепті сатушылар көбісі жоғары баға қояды».
«Ол қазіргі кезде зиян емес нәрсе аз. Сол үшін одан бас тарту қажет емес деп ойлаймын».
Қатты әрі өте тәтті. Сондықтан болар, қатырылған жемістер тәуелділікті оңай тудырады. Оған қоса, ағзада тоқтық сезімі бірден қалыптаспайды. Нәтижесінде құрғақ өнім іштің кебуіне әкеліп, ас қорыту процесін баяулатуы мүмкін дейді мамандар.
Сондай-ақ құрамында қант мөлшері жоғары болғандықтан, қант диабеті бар адамдарға мұндай жемістерді тұтынбаған жөн. Өйткені қандағы қант деңгейі күрт көтеріліп, ауру асқынуы ықтимал. Ал өнімді «қытырлақ» қалыпта сақтау үшін түрлі қоспалар қосылатынын ескерсек, оның зияны еселене түспек.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: «Дәмді күшейту үшін, түрлі иістендіргіштер қосу осы кезде ол әрине зиян болады. Көп жағдайда оны ашық айту керек өз заттарының өтінімін көбейту мақсатында түрлі дәмді күшейтетін немесе адам психологиялық тұрғысынан үйреніп қалатын түрлі иістер қолданылады міне бұл кезде бұл зиян. Қоспалар болса ол өте зиян».
Қазіргі нарықта 100–150 грамм сублимацияланған жеміс 3000 теңгеден жоғары бағада сатылып жатыр. Ал табиғи жеміс одан әлдеқайда арзан әрі пайдалы. Мамандардың айтуынша, 100 грамм кептірілген өнім жеміс түріне қарай 500 граммнан 1 келіге дейінгі табиғи өнімге тең. Сондықтан байқамай тұтынылған артық калория семіздікке әкелуі мүмкін. Дәрігерлер мұндай өнімдерді жиі қолданатын адамдар арасында дұрыс тамақтанбау салдарынан асқазан-ішек аурулары көбейгенін де айтады.
БАҚЫТЖАН ПОЗИЛОВ, №1 ҚАЛАЛЫҚ КЛИНИКАЛЫҚ АУРУХАНАСЫНЫҢ БАС ДӘРІГЕРІ: «Қазір чипсы, фаст фуд өнімдері көбейіп кетті ғой. Былай қарап тұрсаң бауыр, асқазан, ұйқы безі ауыратын науқастар соңғы кезде көбейген. Мен жеке басым мұны тек тағаммен байланыстырамын».
Мамандардың сөзінше, дәмі баурап, көрінісі қызықтырғанымен, мұндай таңсық өнімнің зияны аз емес. Ал сіз тәтті кәмпиттен айырмасы шамалы бұл өнімді трендте екен деп әлі де тұтынғыңыз келе ме? Таңдау — өзіңізде.
Ботакөз Әнуар







