Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды отбасындағы қыз баласының тәрбиесі мен үлгілі әке болудың жолдарын атап өтті. Сонымен қатар аймақ басшысы қыздары өзінен көп нәрсені жасыратынын ашып айтты.
Дархан Сатыбалдың бұл пікірінің видеосын белгілі тележурналист Ләйлә Сұлтанқызы желі парақшасында жариялады.
«Қазақта қызды қонақ деп айтады ғой. Шынын айтсаң, қатты уайымдайсың. Өйткені отбасыңда дұрыс тәрбие алмай немесе сол уақытты өткізіп алсаң, сенің жүрген, істеген ісіңнің бәрі бір тиын болады. Мен сыртта жұмыс істегеннен кейін оларға жақынырақ болдым. Кешке өзіміз серуендеуге шығамыз, олармен әңгімелесемін. Әрине, олар көп нәрсені менен жасырады. Мен де көп нәрсені сұрай алмаймын. Анасы арқылы шығады. Шыны керек, не болса да сол анасы арқылы жасаймын. Өйткені мен өзім тікелей «неғылатын» болсам, сөзімді көтере алмайды»,-деді Түркістан облысының әкімі.
Облыс әкімінің қыздары бір жерге бару үшін әкесінен емес, анасынан сұранады екен. Ал ол кісі күйеуіне ескертіп, отағасы рұқсат берсе, қыздарына «иә» деп айтады.
«Мен қыздарыма ешқашан «жоқ» деп айта алмаймын. Әрқашан қолдаймын. Тіпті ыңғайсыз жағдай болса да былай алып шығып, түсіндіріп дегендей… Сосын өзіміздің былайша айтқанда дәстүріміз бар. Дастархан басында тарихты, болған оқиғаны айтып беріп отырамын. Ертеңгі күні сол естерінде қалады. Анасы ұрысып жатса, «ұрыспа менің қызымды, үш қызым да менің қыздарым» деймін. Сосын оларды әртүрлі деп жатады. Жоқ, үшеуі де маған ұқсайды, менің қыздарым»,-деп сөзін түйді Дархан Сатыбалды.
Ашық дереккөздердегі мәліметке сенсек, Түркістан облысының әкімі Мадина, Аяулым, Ақерке және Асылхан есімді ұл-қыздардың әкесі.