Түркістан түркі әлемінің туристік астанасы атанады

56
фото turkistanzaman.kz

Түркі әлемінің туристік форумы Түркістан төрінде өтіп жатыр. Шара барысында бауырлас елдердің ынтымақтастығы мен туристік әлеуетін көтеру мәселесі талқыланды. Сонымен қатар, Күнгей шаһарға жаңа статус беру туралы ұсыныс мақұлданды. 

Күнгей шаҺарда түркі әлемінің туристік форумы өтіп жатыр. Шара мақсаты — түркітілдес ұлттардың басын бір арнаға қосып, өзара байланысты нығайту. Мұндай кездесулер еліміздің туристік әлеуетін арттырады. Сондықтан Туризм және спорт вице-министрі жиын барысында әрбір саяхатшыны қуана қарсы алатынын жеткізді.

Ержан Еркінбаев, ҚР Туризм және спорт вице-министрі: «Тарихы терең, елі ерен түркі әлемінің туристік әлеуеті үлкен күшке айналып келеді. Біз мұны терең түсінуіміз керек. Түркі елдерінің ортақ туризмі біздің ынтымағымыздың берік негізі. Қазақстан елі әр саяхатшыны құшағын аша қарсы алады»

Түркістан қаласын 2021 жылы Түркітілдес мемлекеттердің ынтымақтастық кеңесінің VIII бейресми саммитінде рухани астана ретінде бекітуге ұсыныс білдірген еді. Отырыс барысында арнайы декларацияға да қол қайылған. Өңір басшысы бұл облыс орталығының рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беретінін айтады.

Дархан Сатыбалды, Түркістан облысының әкімі: «Бұл құжат – Түркістанның рухани-мәдени бағытта дамуына оң серпін беріп келеді. Түркі тілдес елдердің туризм бағытындағы жоғары деңгейдегі кездесулері мен келісімдері Түркістанға тың серпін береді. Жаңа Түркістан Түркі әлемінің мәдени-рухани орталығына айналады деп сенемін».

Айта кетейік, күні кеше Түркі мемлекеттері ұйымының туризм саласына жауапты министрлерінің VIII отырысы аясында Түркістан қаласы 2024 жылы Түркі әлемінің астанасы деп жариялау бастамасы мақұлданды. Шешім алдағы уақытта ресми жарияланатын болады.