Түлкібас аудандық сотында «Э» есімді азаматқа қатысты Қазақстан Республикасының Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігінде көзделген әкімшілік құқық бұзушылық туралы іс қаралды.
Құқық бұзушы «Э» өз жұбайын орындықпен бірнеше рет ұрып, аяғымен теуіп, денсаулығына қасақана жеңіл зиян келтірген.
Сот отырысында құқық бұзушы жасаған әрекетін толығымен мойындап, жұбайының үйіне кешігіп келгеніне, қасында бөтен адамдар болғанына ашуланып ұрғанын түсіндірді.
Өз кезегінде, жәбірленуші болған жағдайды растап, неге өзін отырысқа бардың деп ұрғанын, жедел-жәрдем көмегімен ауруханаға жеткізіліп ем қабылдағанын, үнемі ұрып жүргенін, ұзақ жылдар бойы шыдап келгенін, күйеуінен қатты қорқатынын көрсетті.
Сот қаулысымен құқық бұзушы «Э», Әкімшілік құқық бұзушылық туралы Қазақстан Республикасының Кодексінің 73-1-бабының 1-1-бөлігімен кінәлі деп танылып, 15 тәулік мерзімге әкімшілік қамаққа алынды.