Шымкентте өз үйінен 28 жасар жігіттің денесі табылғаны жайында ақпарат шыққан еді. Құқық қорғау органдары қазір бұл іске байланысты күдікті азаматтың құрықталғанын айтады. Ал тұрғындар арасында әртүрлі сыбыс тараған.
Шымкенттегі көппәтерлі үйлердің бірінде 1 желтоқсан күні 28 жастағы ер адамның мәйіті табылған еді. Заң өкілдері марқұмның мойын тұсында жарақат барын анықтаған. Ал көршілері бұл оқиғаға байланысты түрлі қауесет тарап, пікір айтылып жүр дейді.
«Біреуі былай дейді. Біреуі басқаша айтады. Біресе өзі асылып қалған дейді тұрғындар. Біресе басқаша әңгіме шықты, білмеймін ары қарай…
Жақсы кісілер болатын. Бірге сыртқа шығып, аулада отырып әңгімелесетінбіз. Ақтөбеден келгенбіз дейтін», — дейді көршілері.
Болған оқиға жайында 102 пультіне қаза тапқан азаматтың анасы хабарласқан. Қазір аталған жайтқа қатысты күдікті адам құрықталып, оның үстінен кісі өлімі бойынша іс қозғалды.
«Оқиға орнында жедел іздестіру тобы мойын аймағында жарақатымен 28 жастағы азаматты тапты. Бұл жайтқа байланысты ҚР ҚК 99-бабымен адам өлімі бойынша қылмыстық іс тіркелді», — дейді Қаратау ауданы полиция басқармасының бастығы Данияр Плалов.
Қазір сезікті тергеу изоляторында отыр. Мамандардың мәліметіне сәйкес, ол психикалық ауруына байланысты тіркеуде тұрған. Қазір сотқа дейінгі тергеу жүргізіліп, сараптама тағайындалды.