Соңғы 6 жылдан бері сырқаттанып, төсек тартып қалған қарт әжесін жалғыз өзі бағып отырған жас жігіт желі қолданушыларын елжіретті. Сабыржан Кизбаев есімді Түркістан қаласының тұрғыны әжесіне күн сайын күтім жасау сәтінің видеосын ТікТок парақшасында жариялаған.
Қарт әжеймен бірге түсірілген бірнеше видео желіде әп-сәтте тарап, қызу талқыға түсті. Онда жас жігіт әжесін өзі шомылдырып, тырнағын алып, ас-ауқатын беріп отырғанын көруге болады.
Көптің жүрегін елжіреткен бейнежазбалардың бірі 4,2 млн қаралым жинаса, енді бірін 2 млн-нан астам адам көрген.
Мейірімге толы видеоны көрген желі қолданушылары қарт әжейге амандық пен саулық тілеп, ал жас жігітке Алла разы болсын деген пікірлерін жаудырды.
Белгілі болғандай, 21 жастағы жігіт Сабыржан Кизбаев Түркістанға белгілі визажист. Шамамен соңғы 5 жылдан бері қыз-келіншектерге сұлулық сыйлап жүрген ол бұл өмірде көптеген сынақты бастан кешірген деуге келеді. 2,5 жасында анасынан айырылған Сабыржан Кизбаевты нағашы әжесі өз қамқорлығына алып, аналық мейірімді берген. Өзге қалада тұратын туған әкесі осыдан жарты жыл бұрын қайтыс болған екен.
Визажист жігіт әжесінің күтіміне байланысты жұмыс кестесін ыңғайластырып қойған. Мәселен, таңертеңнен түске дейін немесе түстен кешке дейін жұмыста болады. Жұмысқа кеткен дейін әжесінің жағдайын жасап, тамағын беріп, теледидарды қосып кетеді екен.
Тілшілерге берген бір сұхбатында визажист әжесімен бірге түскен видеоны желі парақшасына жүктеудегі мақсатымен де бөліскен.
«Мақтану емес, халыққа жай ғана ана мен баланың махаббатын көрсеткім келді… Осы ретте айтқым келеді, көп адам ата-анасының қадірін білмейді, сенсіреп сөйлейтін сияқты. Сол жүрегімді ауыртады. Мен анама жасай алмаған жақсылықты әжеме көрсеткім келеді»,-дейді ол.