Газға уланған болуы мүмкін: Шымкентте 52 жастағы әйел көз жұмды

41

Екі бірдей газдан улану жағдайы тіркеліп, екі адам көз жұмды. Оқиғаның бірі Шымкент қаласында болған. Алдын ала болжам бойынша 52 жастағы әйел газға уланған болуы мүмкін. Ал екінші жағдай Түркістан облысында тіркелген. 

Шымкентте қайғылы оқиға орын алды. 52 жастағы әйел алдын ала болжам бойынша улы газға уланып көз жұмған. Оқиға 24 желтоқсанға қараған түні сағат 2:30 шамаларында болған.

Асқар Шәріп, Шымкент қаласы ТЖД ресми өкілі: «24 желтоқсан 2023 жылы сағат түнгі 02:30 шамаларында Шымкент қаласы төтенше жағдайлар департаменті дағдарыс жағдайлар басқармасының 102 қызметіне хабарлама келіп түсті. Қаратау ауданы Қайтпас-1 мөлтек ауданында жеке тұрғын үйде 1971 жылғы туылған азаматшаның қайтыс болғаны жөнінде хабарлама келіп түсті. Яғни, жуынатын бөлмеде мәйіт табылған».

52 жастағы әйелдің денесі үйдің жуынатын бөлмесінен табылған. Мамандар жуынатын бөлмеде орналастырылған су жылыту құрылғысының монтаж жұмыстарында ақаулар анықталғанын айтады. Қазіргі таңда оқиғаға байланысты сараптама тағайындалды.

Елдар Қуандықов, «ҚазТрансГаз Аймақ» АҚ ШӨФ өндірістік техникалық бөлім басшысының орынбасары: «Тұрғын үйді зерделеу барысында жуыну бөлмесінде су жылыту құрылғысының орнатылғаны анықталды. Су жылыту құрылғысының түтін шығарғыш мұржасы өзара тығыз байланыспаған, сондай-ақ, бастырманың астына шығарылған. Ол дегеніміз, яғни ауа ағымынң жоқ жеріне шығарылған. Осының салдарынан уланды деген болжам бар».

Дегенмен марқұмның туыстары 52 жастағы әйелдің ажалына газдан улану емес, қан қысымы себеп болуы мүмкін деп отыр. Қазір бірнеше сараптама тағайындалған, нақты жауабы тексерудің нәтижесі шыққаннан соң белгілі болады.

Дәл осындай жағдай, Түркістан облысында да орын алып отыр. 25 желтоқсан күні сағат 00:20-да Сарыағаш қаласында 2007 жылы туған қыз үйде табиғи газ таралуы салдарынан уланып көз жұмды. Шақыру орнына жеткен апаттық бригада жуыну бөлмесінде ағынды су жылытқышы орнатылғанын анықтаған.

Осы орайда, ауа температурасының жылуына байланысты газ мамандары жеке тұрғын үйлердегі газ қондырғылар мен құрылғыларының мұржаларын жиі тексеріп, қауіпсіздік мәселесіне жіті мән беру керектігін ескертеді.