2024 жылы мүгедектігі бар азаматтар үшін белгіленген әлеуметтік төлемдер 7 пайызға өседі. Бұл туралы ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Шымкентке келген іс-сапарында мәлім етті. Сонымен қатар брифинг барысында жаңа енгізілген Әлеуметтік Кодекс ерекшелігі сөз болды.
2024 жылы мүгедектігі бар азаматтарға арналған әлеуметтік төлемдердің көлемі 7 пайызға артады. Ал биыл мүмкіндігі шектеулі жандардың жәрдемақысы жыл басында 8 жарым пайызға ұлғайса, инфляцияға байланысты шілдеде тағы 14 жарым пайызға артқан еді. ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі мұндай шешім тұрғындар арызын тыңдау негізінде қолға алынды дейді.
«2024 жылғы инфляцияны ескере отырып, төлемдерді көтеру көзделіп отыр. Мүмкіндігі шектеулі азаматтармен кездескенде олар жәрдемақының аз екенін айтқан еді. Біздің ұсыныс негізінде тиісті органдар қолдап тағы да жәрдемақы өсті. Жыл басында бір рет төлем өссе, жыл ортасында да тағы көтерілуі мүмкін», — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Сонымен қатар бірнеше бағдарламаға өзгерістер енбек. Атап айқанда жастар практикасы негізінде уақытша жұмысқа орналасқан тұрғын сол мекемеде тұрақты түрде қалуға мүмкіндік алады. Ал жаңашылдық биыл енген әлеуметтік кодекс негізінде қорғалады.
«Әлеуметтік кодексті құру кезінде халықаралық тәжірибеге сүйендік. Әрине өзіміздің мүмкіндіктер де назардан тыс қалмады. Еуропа ордағының әлеуметтік кодексін де басшылыққа алдық. Құрылымы 5 бөлімнен тұрады. 19 тарау және 267 бабтан тұрады», — дейді ҚР Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау вице-министрі Ербол Оспанов.
Еске салайық, Әлеуметтік Кодекс биыл шілде айында қабылданды. Соның негізінде 9 заңның күші жойылып, қолданыстағы 50-ден астам заңнамаға толықтырылу енгізілді. Сол арқылы бірнеше жоба бір арнаға жинақталды.