Шымкентте депутаттар мен шенеуніктер жылды қорытындылап жатыр. Қалалық мәслихаттың кезекті сессиясында келесі жылға арналған бюджет жоспарлануда. Депутаттар тұрғындардың барлық өтініштері мен ұсыныстары ескерілетінін, мегаполисті жаңа өзгерістер күтіп тұрғанын айтады. Атап айтқанда, қаладағы жолдардың жаппай құрылысы жалғасады, тұрғын үй құрылысы бойынша жұмыстар күшейтіледі.
Шымкент бюджеті 654 млрд. теңге. Өзіндік кірістер жоспары 63 млрд. теңгеге артып отыр. Қаражатты мегаполис депутаттары бекітеді. Қаржының ірі бөлігі қаланы абаттандыруға бағытталатын болады. Ал қала тұрғындарының бір жыл көлемінде депутаттарға жеткізген өтініштерін орындауға — 120 млрд. теңгеге жуық қаржы жұмсалады. Жалпы бюджеттің 56 пайызы әлеуметтік салаға бағытталуда.
Альбина Елшиева, Шымкент қаласы мәслихатының депутаты: «Депутаттар тарапынан көтерілген сайлаушылардың талап-тілектері бойынша барлығы ескеріліп, жалпы сомасы 120,2 млрд. теңгені құрайтын 15 депутаттық сауалдарға біріктірілді. Атап айтсақ, «Халық қатысатын бюджет» жобаларына, оның ішінде балалар ойын, спорт алаңшаларын орнатуға және аулаларды абаттандыруға 7,6 млрд, «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру мақсатында 42,2 млрд. елдімекендердің инфрақұрылымдық жүйелерінің құрылысына 68 млрд. теңге».
Қаланың қауіпсіздік мәселесі де кезекті сессияда қаралды. Келер жылы 2,4 млрд. теңгеге жаңа бейнебақылау камералары сатып алынады. Ал әлеуметтік нысандардың құрылысына бөлінген қаржы көлемі — 2 млрд. теңгені құрайды.
Ерлан Есқараев, Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Өзіндік кірістер 345 млрд. теңге, субвенция 208 млрд. теңге, республикалық бюджеттің трансферттері 100 млрд. теңгені құрап отыр. Өзіндік кірістердің жоспары биылғы жылмен салыстырғанда 63 млрд. теңгеге артып отыр. Бұл қаланың қаржылық дербестігін 53 пайызға дейін ұлғайтуға мүмкіндік берді».
Жыл қорытындысымен өңдеу өнеркәсібіндегі өндіріс көлемін 880 млрд. теңгеге, инвестицияны 722 млрд. теңгеге, экономикадағы орта кәсіпкерліктің үлесін 10%-ға жеткізу көзделіп отыр. Сондай-ақ, жақсы және қанағанаттанарлық жағдайдағы жолдардың үлесі 71,2%-ға жеткізіледі, жыл соңына дейін 1 073 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріледі деп жоспарланған.