Тәуелсіздік күні қарсаңында Сарыағаш ауданында жалпы білім беретін мектептің жаңа 300 орындық ғимараты пайдалануға берілді. Жаңа нысан жоғары технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. «Жайлы мектеп» жобасы аясында бой көтерген ғимаратты қосқанда, енді айтулы білім ошағында 600-ден астам бала білім алады.
Сарыағашта 300 орынды жаңа мектеп ашылды. Тәуелсіздік күні қарсаңында пайдалануға берілген білім ұясында 600-ден астам оқушы білім алмақ. Заманауи ғимарат жоғары технологиялық жабдықтармен толық қамтамасыз етілген. Сондай-ақ соңғы үлгідегі спорт зал мен асхана барлық талапқа сай жабдықталған.
«Мектебімізде спорт зал, асхана, компьютер кабинеттері, физика, химия кабинеттерімен қамтылған. Оқушыларға толықтай жағдай жасалған. Әрине қуаныштымыз. Еліміздің ертеңі, ұлтымыздың болашағы өскелең жас ұрпаққа сапалы білім беру әрбір ұстаздың жүрегінің үні деп білемін»,- мектеп директоры Нұрбала СӘРСЕНБАЕВА.
Мектептің ашылу салтанатына жауапты басшылармен қатар, қоғам белсенділері мен ауыл тұрғындары қатысты. Ғимарат құрылысын «Ar Kua Group» компаниясы мерзімінде аяқтап, ел игілігіне табыстады.
«Түркістан облысы әкімдігінің қолдауымен 2022 жылы облыстық құрылыс басқармасы тапсырысшы болып, осы мектептің құрылысы басталған еді. Бүгін міне өздеріңіз куә болып отырсыздар, 300 орынды Омаров атындағы мектептің құрылысы аяқталып отыр. Бүгін арнайы осында жиналып, ашылу салтанатын ұйымдастырып отырмыз. Ендігі кезекте Нұрлы жол е/м балалары заманауи ғимаратта, сапалы білім алады деген сенімдеміз»,- Сарыағаш ауданының әкімі Арман АБДУЛЛАЕВ.
Айта кетейік, ауданда «Жайлы мектеп» жобасы аясында 10 білім ұясын салу жоспарланып отыр. Бүгінде 4 мектептің құрылысы басталып үлгерді. Ал бүгін пайдалануға берілген бұл білім ошағының бұрынғы ғимараты апатты жағдайда деп танылған болатын. 300 орындық жаңа мектептің құрылысына 1 млрд. 285 млн. теңге қаржы жұмсалды.