Шымкентте жыл басынан бері 30 млрд теңгеге жуық қаржы игерілмеген

Бүгін Шымкент депутаттары мәслихат сессиясында бірнеше басқарманың жұмысын сынға алды. Нақтырақ айтқанда, жыл басында басқарма басшылары жұмыс істеу үшін қажет қаражатты сұраған, ал жыл қорытындысы бойынша бөлінген қаржы игерілмеген. Депутаттар жауаптылардан жағдайды түзетуді талап етті. 

Шымкент әкімдігіне тиісті басқармалар ондаған млрд теңге қаржыны игермеген. Депутаттар бұл мегаполис дамуына кері әсер етуі мүмкін екенін айтады. Әкімдікке тиесілі басқармалардың арасында жыл басында қаржыландыруды сұрап, ал жыл қорытындысымен 5-6 млрд. теңгені игере алмағандары да бар.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Жауапкершілікті көтеру керек! Оның сұрауы бар шығар? Жылдың басында қаржы сұрайды да?.. Бір атаулы әлеуметтік көмекке екі жарым миллиард қысқартып отырмыз, ол қаржыға біз осы уақытқа дейін қаншама көше, жол, жарықтандыру, су жүргізуге болатын еді?!»

Бөлінген қаржыны игермеген басқармалар тізімінде, әлеуметтік қорғау, тұрғын үй, ауыл шаруашылығы және тағы басқалары бар. Депутаттар шығындарды жоспарлап, ақшаны қажеттілігі бойынша басымдығы жоғары салаға бағыттауды ұсынды.

Ерлан Есқараев,  Шымкент қаласының экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы: «Қаржыларды тиімді және толыққанды игеру үшін жүргізілуде. Нақтылау барысында, бірқатар кіріс көзі ұлғайтылды, сонымен қатар, жыл соңына дейін игерілмеу қаупі бар және үнемделген қаржылар бірінші кезектегі шығыстарға қайта бағытталуда. Негізгілері: жолаушылар тасымалы бағытында субсидиялауға қосымша 3,1 млрд теңге, білім беру саласындағы азаматтық қызметшілердің жалақысына қосымша 1,5 млрд теңге, жер телімдерін мемлекеттік мұқтаждыққа алу қосымша 920 млн теңге, облигациялық қарыздарды өтеуге 20 млрд теңге, тұрғын үйлердің құрылысын жалғастыруға қосымша 4,4 млрд теге қаржы қарастырылуда».

Сондай-ақ, қалалық мәслихат төрағасының сөзінше, келер жылдан бастап, қаржыны игеру бойынша мониторинг жүргізілетін болады.

Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қаласы мәслихатының төрағасы: «Әлеуметтік сала, құрылыс, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту жағынан. Келесі жылдан бастап біз әр сессия сайын қаржы басқармасына арнайы уақыт бөлетін боламыз. Қаржыны игеру бойынша мониторинг жасалады. Жыл басынан бері 4 рет қаржыны өзгертуге мүмкіндік болды. Бірақ кейбір басқармалар 4 ретте ұсынысын енгізбей, жылдың соңына келгенде бізде 6 млрд артық, 5 млрд артық деп шығып отыр».

Бүгінгі сессияда нәтижесінде 15 млрд. көлеміндегі қаржыны игеру бойынша жоспар құрылып, бағыттары айқындалды. Депутаттар жыл соңына бұл бағыттағы жұмыстарды бақылауға алып, нақты жоспармен жұмыс жасайтындарын жеткізді.