Синоптиктер Шымкент қаласы және Түркістан облысына арналған ауа-райы болжамын ұсынады. Алдағы демалыс күндері ауа температурасы қандай болмақ?
Әбілқасым Бөртебаев қар жауса, үйіне жақын орналасқан Тәшенов көшесіндегі аялдаманың төңірегін тазалауға кіріседі. Ұзақ уақыт экология саласында қызмет еткен зейнеткер, үйде жата алмаймын дейді. 69 жастағы қария қала тазалығына көңіл бөліп, адамдардың алғысынан күш алатынын айтады.
Әбілқасым Бөртебаев, Шымкент қаласының тұрғыны: «Қаламның таза болғаны жақсы емес пе. Қар жаусын, жапырақты тазалап өзіміздің шаһарымыздың тазалығына үлесімізді қосамыз. Әрине коммуналдық сала қызметкерлері таңнан бері тынбай еңбек етуде. Оларға қолдау керек. Халықты белсенділікке шақырамын».
Қазгидромет қызметінің мамандары 12-ші және13-ші қаңтар күні Шымкентте қар жаумайды дейді. Ал жексенбі күні жаңбыр жауып, арты қарға ұласады екен.
Әсем Нұрғалиқызы, «Қазгидромет» РМК Түркістан облысы бойынша филиалының инженер-синоптигі: «Шымкентте 12,13 қаңтарда жауын-шашынсыз. 14-жаңбыр жауады, 15-ші қаңтарда түнде қарға ұласады. Тұман, көктайғақ. 13-14-не желдің екпіні 15-20 м/сек күшейеді».
13-ші жәні 14-ші қаңтар күні Түркістан облысының басым бөлігінде жауын -шашын болады. 15-ші қаңтар түнде таулы аудандарда тұман, көктайғақ болып, желдің екпіні секундына 23-28 метрге жетеді.
14-ші қаңтарда ауа температурасы төмендейді. 15-16 қаңтар күні ауа температурасы -6 -11 градусқа дейін төмендейді . Таулы аудандарда -15-тен -20 градус аяз күтіледі. Ал облыстың солтүстігінде -10 градусқа дейін төмендейді.