Сайрам ауданында дәмханаға ұрлыққа түскен 43 жастағы кұдікті ұсталды.
Полиция хабарлауынша, жергілікті тұрғын түнгі уақытта дәмхана есігін темірмен бұзып, ішіндегі теледидар, шаңсорғыш және өзге де бағалы заттарды қолды еткен. Ал оңай олжаны үйіне жеткізіп, тығып қойған. Келтірілген шығын – 600 мың теңгеден астам.
Ол бөтеннің мүлкін сатып, пайданы өз қажеттілігіне жаратпақ болыпты. Алайда полиция қызметкерлерінің жедел іс-қимылдарының арқасында күдіктінің бұл ойы жүзеге аспады.
Жүргізілген кешенді жедел-іздестіру іс-шаралары барысында ұрлық қылмысына қатысы бар деген күдікпен 43 жастағы күдікті ер адам ұсталды. Анықталғандай, ол бұрын сотты болған жұмыссыз тұрғын.
Полицейлер күдіктінің үйінен ұрланған мүліктерді тәркілеп, заңды иесіне қайтарды. «Ұрлық» бабы бойынша қылмыстық іс қозғалып, тергеу амалдары жүргізіліп жатыр.