Шымкентте 5 құрылыс компаниясы жосықсыз деп танылды

166

Үшінші мегаполисте 5 құрылыс компаниясы лицензиясынан айырылып, 15-ке жуық мекеме айыппұл арқалады. Айыппұл көлемі 400 миллионнан астам. Бұл туралы қалалық құрылыс басқармасының басшысы мәлімдеді. Енді жосықсыз деп танылған компаниялардың жұмысы басқа мекемелерге өтеді. 

Шымкентте сапасыз жұмыс істеген 5 құрылыс компаниясы жосықсыз деп танылды. Олардың салғырттығы салдарынан 4 тұрғын үй, инженерлік желілер мен спорт мектебінің құрылыс сапасынан шикілік шыққан. Сондықтан қалалық құрылыс басқармасы мердігерлерді сотқа беріп, лицензиясынан айырды. Енді жұмысты басқа мекемелер жалғастырады. Сондай-ақ, тағы 15-ке жуық құрылыс компаниясы айыппұл арқалапты.

«Құрылыс барысында және құрылысты тапсырғаннан кейін анықталған кемшіліктер бар. Дұрыс жұмыстарын атқармағандығына біз шағымданып, бір-екі рет ескерту жасап, қазіргі кезде 5 мердігер мекемені жосықсыз деп таныдық. Ол атап айтқанда, инженерлік желілерде 2 компания және үй құрылысына қатысты екі мекеме жосықсыз деп танылды. Сонымен қатар, спорт нысанын салған бір мекеме бар. 400-500 миллионға баратын айыппұл есебі бар«,-  Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Құрылыс басқармасының басшысы тұрғын үйлердің сейсмикалық жағдайға төзімділігі туралы да сөз қозғады. Айтуынша, жауапты мамандары құрылысы жүріп жатқан үйлердің нормаға сәйкестігін қалалық сапа басқармасымен бірігіп тексеріп отырады. Қатерлі жағдай орын алмауы үшін барлық жұмыс қатаң бақылауға алынған дейді ол.

«Салынып жатқан тұрғын үйлер қолайлы, жалпы жақсы болу үшін қалалық сапа бақылау басқармасымен бірігіп, техникалық қадағалау, жобалық-сметалық құжатамаларды қарау кезінде істелген жұмыстарды өте қатаң бақылауға алып, болашақта осы бойынша жұмыс істейміз«, — Шымкент қаласы құрылыс басқармасының басшысы Олжас Тәжібаев.

Жалпы өткен жылы 144,9 млрд. теңгеге 162 нысанның құрылысы жүргізілді. Оның ішінде 53 нысанның құрылысы тапсырылса, қалған 109 -ы 2024 жылға өтпелі болды. Оның қатарында 2 саябақ, қарулы күштер, мектеп, әлеуметтік және ауылшаруашылық нысандары бар.