Шымкентте 8 сынып оқушысы мектепте қайтыс болды

130
фото Гүлдана Дәурен

11 қаңтарда Шымкенттегі мектептердің бірінде оқушы қайтыс болды. 8-сынып оқушысы дене шынықтыру сабағында есінен танып қалған. Мектеп медбикесінен бастап жедел медициналық жәрдем қызметі келіп, көмектескенімен баланы ажалдан арашалап қала алмады.

Шымкентте сегізінші сынып оқушысы мектепте көз жұмды. Оқиға 11 қаңтар күні болған. 2010 жылы туған жасөспірім дене шынықтыру сабағында есінен танып, құлаған екен. Мектеп мейірбикесі алғашқы көмек көрсетіп, жедел-жәрдем шақырған. Дегенмен баланы ажалдан арашалап қала алмады.

Қантгүл Жаңабаева, №48 жалпы орта мектебінің директоры: «Бала есінен танып құлап қалды. Бірден мектептің медбикесі жедел көмегін көрсетіп, жедел-жәрдемге қоңырау шалды. Жедел-жәрдем бірден келіп, өзінің экстренный жедел-жәрдеміне қоңырау шалды. Ол келген кезде баланың жүрегінің тоқтап қалғаны жөнінде бізге ескертті. Бала бірінші сабақтан сабаққа қатысқан, үш сабақ бойы өзін жақсы сезінген. 1-2 сабақтарда, сабаққа жауап берген сәттері де болған, оны да сұрастырып білдік мұғалімдерден».

Мектеп мұғалімдері 8-сынып оқушысы сол күні өзін жақсы сезінгенін, дене шынықтыру пәнінің мұғалімі бала көз алдында құлағанын айтады.

Нұрлан Байсейітов, №48 жалпы орта мектебінің дене тәрбиесі пәні мұғалімі: «10:40-та сабақ басталды. Ойынның басында қақпа алдында сыныптасы тұрды, ол қорғаушы болып тұрды алдында. Мен мына линияның қасында тұрдым. Көз алдымда өзінен кетіп, көзі ағарып барып құлады. Балалар да көрді ғой. Тәрбиесі менің сабағымда жақсы еді, балалармен қарым-қатынасы бәрі, ешқандай артық мінездері жоқ».

Мейірбике баланың денсаулығы жақсы болған дейді. Барлық екпені де алып, жыл сайынғы медициналық тексеруден де өтіпті.

Гүлжамал Розиева, №48 жалпы орта мектебінің медбикесі: «Азамат жерде жатқан еді  спорт залда. Нашатыр иіскеттім оған. Енді бізде қалыпты жағдай нашатыр иіскетсеңіз талып қалған баламыз тез өзіне келеді да. Ал Азаматта мүлдем реакция болған жоқ. Кейін иіскеген жоқ та. Содан кейін мен ватаны кәдімгідей  етіп мұрына жақтым. Ол кезде сәл қимылдағандай болды бала… Қуанып, өзіміздің массаждарымызды істеп, физрук ағайлар аяқ-қолын бәрін укалап жатыр ғой. Жедел жәрдем демде жетіп келді. Әрі қарай өзінің көмегін көрсетті. Кейін оларда көмек көрсетіп жатып олардың да әлі келген жоқ, шындыққа келгенде, баланы өзіне келтіре алмады. Содан кейін  реанимациялық жәрдемді шақырдық. Кеткен ғой бала деп айтты».

Мектеп мұғалімдері марқұм оқушының тәртібі жақсы болғанын айтады. Полицейлер қайтыс болу фактісі бойынша іс қозғады. Қазір тергеп-тексеру амалдары жүргізіліп жатыр.

Гүлдана Дәурен