Шымкенттік отбасы мемлекеттен қайтарымсыз грант алып кәсібін дөңгелетіп отыр. Өткен жылғы конкурстың үшінші легіне қатысып, грант жеңімпазы атанған көпбалалы отбасы бүгінде құлпынай өсіріп, пайдасын көруде. Қазіргі таңда жемістің бұл түріне сұраныс көп деген кәсіп иелері, биыл мемлекеттік байқауға қайта қатысып, бизнесті үлкейтуді жоспарлап отырғанын айтады.
Субхидам Мойдинова өткен жылы мемлекеттен қайтарымсыз грант жеңіп алып, қаржысына үй ауласындағы 2 соттық жерге жылыжай орнатып, 2000-ға жуық құлпынай көшетін отырғызған. Көпбалалы ана құлпынайдың кабрилло сортынан алғашқы өнімін алып, пайдасын көріп отыр. Сөзінше, Шымкент қаласында құлпынайға сұраныс өте жоғары.
Субхидам Мойдинова, Шымкент қаласының тұрғыны: «Құлпынай егеміз деп жоспарлап, осы ақшаға керекті заттардың барлығын алдық. Пешін, жабынды кленкаларын, көшетті бәрін алып, өзіміздің отбасылық бизнесімізді бастадық. Құлпынайға сұраныс өте жоғары».
Кәсіп иелері жылыжай аумағын үлкейтіп, бизнесті кеңейтуді жоспарлап отыр. Қазіргі таңда басты мақсат – нәзік жеміс түрін қыстың суығынан аман алып қалу. Субхидам Мойдинова жылына үш рет өнім алуды жоспарлауда. Өнімді мол алу үшін тамшылатып суару әдісін қолданып отырғанын айтады.
Зияуддин Мойдинов, Шымкент қаласының тұрғыны: «Кабрилло деген сорты жақсы деген соң, соны алып отырғыздық. Қазір бұйырған өнімді алып жатырмыз. Тамыздың 20-ларында отырғыздық. Жаңа жылға дейін жеткізу мақсатымыз еді, жеткіздік міне. Құдайға шүкір, болып жатыр».
Өткен жылы Шымкентте «2021-2025 жылдарға арналған кәсіпкерлікті дамыту» ұлттық жобасы шеңберінде әлеуметтік осал топты азаматтарға арналған грант 452 азаматқа берілді. Кәсіп иелері тағам өнеркәсібі, мал шаруашылығы, қызмет көрсету салалары мен қол өнер және тігін тігу саласы бойынша бизнесін жүргізуде.