Шымкентте тағы бір халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады

31
фото rally36.ru

Жүргізуші куәлігін алуға емтихан тапсырушылар үшін жағымды жаңалық. Шымкентте жаңа халыққа қызмет көрсету орталығы өз жұмысын бастады. Онда жүргізуші атану үшін теориялық тест тапсыруға барлық мүмкіндік жасалған. Тұрғындар енді жаңа ғимаратта ұзақ кезек күтпей қажетті қызмет түрлерін ала алады.

Енді шымкенттіктер жаңа халыққа қызмет көрсету орталығында жүргізуші куәлігіне емтихан тапсыра алады. Асар 2 шағынауданында орналасқан ғимаратта алғашқы болып емтихан тапсырушылардың бірі – Айбол Қонысбек. Айта кетейік, мұнда теориялық емтихан дүйсенбіден жұмаға дейін сағат 9:00 мен 18:00 аралығында қабылданады.

«Жалпы бұл ХҚО жақында ашылды дегеннен кейін осында келдім. Адам аз болғаннан, көп күтпейтін болғаннан кейін келдім. Бүгін тест тапсырдым. Дайындығым аз болды. Тағы дайындалу керек екен. Бұйырса тағы дайындалып, тағы тапсырып көремін» ,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Айбол Қонысбек.

Асар 2 шағынауданында орналасқан орталықта автокөлік құралының тіркеуін және қайта тіркеуін жүргізуге, сонымен қатар жүргізуші куәлігін ауыстыруға да болады. Заманауи ғимаратта жүргізуші куәлігін алу үшін медициналық тексеруден өту мүмкіндігі де қарастырылған.

Нұрлыбек Алданов, “Азаматтарға арналған үкімет” мемлекеттік корпорациясы КЕ АҚ Шымкент қаласы бойынша филиалы мамандандырылған 4 бөлімінің бөлім басшы орынбасары: «Біз Асар 2 шағынауданында «Төлеби» сауда орталығында орналасқанбыз. Клиент алдын ала брон жасайды. Кейін талон алып, медициналық орталықтан өтіп, теориялық емтихан тапсыру бөлмесіне кіреді. Ол жерде 40 сұрақ беріледі. Және бізде жақында автодром ашылайын деп жатыр».

Ескерте кетейік, жүргізуші куәлігін алу үшін практикалық емтиханды әзірге Достық шағынауданы мен Ташкент айналма жолында орналасқан халыққа қызмет көрсету орталығында тапсыруға болады.