“Гендерлік теңдік — ел өркендеуінің кепілі”. Осындай атаумен үшінші мегаполисте республикалық форум өтті. Халықаралық ғылымдағы қыздар мен әйелдер күніне орай ұйымдастырылып отырған шарада нәзік жандылар марапатталды.
11 ақпан Халықаралық ғылымдағы қыздар мен әйелдер күні. Осы орайда Шымкентте “Гендерлік теңдік — ел өркендеуінің кепілі” атты республикалық форум өтті. Мұндағы мақсат әйелдер мен қыз балалардың ғылым мен техника салаларындағы қызметіне қолдау көрсету.
Гүлжан Сүгірбаева, ОҚПУ басқарма төрағасы, ректордың міндетін атқарушы: «Әлемде де, Қазақстанда да әйелдердің ғылымға қосатын үлесі зор. 2021 жылдың мәліметтері бойынша ғылымдағы әйелдердің үлесі 30% құрайды. Ол бізді қуантады. Өйткені әйелдер ер кісілермен бірге барлық салада өз үлесін қосып келе жатыр. Әсіресе бала тәрбиесінде, педагогика, тарих, көбінесе әрине гуманитарлық ғылымдарда»
Форумға Астана, Алматы қалалары мен өзге өңірлердің де баяндамашылары, сала сарапшылары қатысты. Іс шара сондай ақ, ZOOM, YOUTUBE арналары бойынша көрермен назарына ұсынылды. Шымкент қалалық мәслихат төрағасы Бахадыр Нарымбетов гендерлік теңдікті қолдайтынын айтады.
Бахадыр Нарымбетов, Шымкент қалалық мәслихат төрағасы: «Егер де қыз, келіншектің жұмысында өркендеу, өсу мүмкіндігі бар болса, неге ер азамат оны намыс көру керек? Осыны біздің психологиядан шығару қажет. Біз үйдегі қыздарымызды ұлықтаймыз да, кейбір кездері сырттан келген келіндерді дұрыс бағаламайтын жағдайлар да туындап жатады. Енді Оңтүстік болғаннан кейін. Сондықтан да осыдан арылу керекпіз»
Мәслихат төрағасы жиында үшінші мегаполистегі ғалым, профессор қыз-келіншектерді мерекемен құттықтап, Алғыс хат табыстады.