Шымкенттік балалар ауруханасында биылдан бастап өз асханасы құрылды. Бұған дейін бүлдіршіндерді тамақтандыру ісіне аутсорсингтік компания жауап беріп келген. Мамандар мұның кішкентай науқастар үшін тиімді екенін айтады.
Қалалық балалар клиникалық ауруханасынды қазір 407 науқас стационарлық ем қабылдап жатыр. Соның бірі 7 жасар бүлдіршін. Ол жол апатына түсіп, миға қан құйылу салдарынан жансақтау бөлімінен бір ақ шыққан. 2 аптадан бері осында ем алып жатқан қыз қазір есін жиып, өзі тамақтанатын жағдайға жетті дейді анасы.
«7 ақпанда осы ауруханаға ауысып келдік. Басында қызымның жағдайы нашар еді. Қазір жәймендеп жақсарды. Тіпті өзі отырып, тамақ ішіп жатыр. Қазір еркін тамақ ішуге мүмкіндік берді. Жағдайы дұрысталғанына қатты қуанып жатырмыз»,- дейді Шымкент қаласының тұрғыны Мінәжат Шабиева.
Бұған дейін бүлдіршіндердің ас-ауқатын аутсорсингтік компания дайындап келсе, биылдан бастап медициналық мекеме бұл істі өз қолдарына алған. Мамандар мәзір науқастардың денсаулық жағдайына қарай түзілетіндіктен, бұл шешімнің оңтайлы болғанын айтады. Қазір диетологтар әр аптаға арналған тамақтану кестесін алдын ала бекітіп қояды.
«Мәзір үстелдерге бөлінеді. Атап айтқанда, 5,16,7 сынды үстелдер тағайындалған. Ол дәрігердің нұсқауымен беріледі. Соған қоса аллергияларына қарай бөлек тағам дайындалады. Мәзірді жасау арқылы баланың денсаулығының жақсаруына, күш жинауына ықпал етеміз. Сондықтан ауруханада тамақтану бірінші орында болып табылады»,- дейді диетолог Әсел Қоңыратбаева.
Еске салайық, медициналық мекеме 18 клиникалық бейін бойынша көмек көрсетеді. Мұнда жылына 116 мыңдай науқас қаралады. Оның 5 мыңнан астамына операция жасалады.