Мектеп мәзірі өзгеріссіз қалсын. Осылай деген кәсіпкерлер әкімдікке наразылығын білдірді. Олар балаларға берілетін ыстық тамақтың ақшасы қалтамызды қағып отыр дейді. Өйткені қала бюджетнен бөлінетін қаржыға күнделікті ет қосылған тамақ беру мүмкін емес деп отыр.
Балжан Берденова мектеп асханасын жалға алып, балаларды ыстық тамақпен қамтамасыз етіп отыр. Алайда, бір балаға бөлінетін қаржыға құнарлы тамақ бере алмаймыз дейді. Күнделікті бешбармақ, сірне секілді тамақтарды дайындау қалталарын қағуда. Сондықтан, қала әкімдігі бұл мәселені шешіп, астық ақшасын көтерсін не бұрынғы мәзірді өзгеріссіз қалдырсын дейді
Балжан Берденова, кәсіпкер: «Менюдің ішіне қарасаңыздар, бешбармақ, сірне бар. Күнделікті таңертеңнен кешке дейін ет. Әрине шығынға батамыз. Бір айда шығынға шықтық. Немесе менюді қарастырып беру керек. Қазір коммуналдық төлемді төлей алмай отырмыз. Жалақы бере алмай отырмыз. Не істерімізді білмей, әкімге көмек сұрап келіп отырмыз».
Ал, Шымкент қаласы білім басқармасының өкілдері бұл мәселені биыл шеше алмаймыз деп қысқа қайырды. Өйткені, ағымдағы жылдың қаржысы нақтыланып қойған. Балаға бөлінетін қаржыны ендігі жылы ғана қарастырамыз деп отыр.
«Биылғы бюджет өзгермейді. Жұма күні келесі жылдың бюджетін талқылаймыз. Сіздердің биылғы бюджеттеріңіз есептеліп қойған. Барлықтарыңызды жұма күні шақырамыз».
Естеріңізге сала кеетйік, биыл ҚР ДСМ мектеп асханасының мәзіріне ботқадан бөлек түрлі тағамдарды қосқан болатын. Мәселен, қуырылған картоп, палау сынды ас-ауқат бар. Ал, ата-аналардың кейбірі бұл таңғы асқа балалардың асқазанына ауыр болады десе, енді бірі ет қосылған бешбармақ сынды тағамдарды көзіміз көрмеді деп отыр.
Айта кетейік, жауапты мамандар барлық кәсіпкерлерді алдағы уақытта жинап, мәселенің мәнін толық талқылаймыз деп келісті. Десе де, биыл бала баласына бөлінетін қааражат өзгеріссіз қалмақ.
Нұргүл Жолымбетова






