Түркістан облысында ауыл ақсақалдары мен белсенді азаматтардың бастауымен ауыл дүкендерінде алкаголь өнімін сатудан түбегейлі бас тартып, «Арақсыз ауыл» тәжірибесі қолға алынған. Аталған ісшара Келес ауданының Қошқарата ауылдық округіне қарасты Мақташы ауылында жалғасын тапқан.
Статистикалық мәліметке сәйкес, аталған ауылда соңғы үш жылды бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл туралы Келес аудандық полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбілханұлы өткен жылдың қорытындысы бойынша жергілікті тұрғындарға есеп беру кездесуінде атап өтті.
– Өткен жылы ауданда Қазақстан Республикасының Ішкі Істер Министрлігі және Түркістан облысы полиция департаментінің жеке құрам алдында қойылған міндеттері мен тапсырмаларын орындау жолында бірқатар жоспарлы жұмыстар жүргізілген. Нәтижесінде 2023 жылдың 12 айында жалпы тіркелген құқықбұзушылықтардың саны — 10,9 пайызға, оның ішінде ауыр және аса ауыр қылмыстар — 25,7 пайызға, орта және онша ауыр емес қылмыстар -7,1 пайызға төмендеген. Сонымен қатар, Түркістан облысындағы Сайрам, Мақтаарал және Бәйдібек аудандарының бірнеше ауылдарында «Арақсыз ауыл» тәжірибесін қолға алынды. Аталған іс-шара ауданымыздағы Мақташы ауылында жалғасып, соңғы 3 жылда бірде-бір құқықбұзушылық тіркелмеген. Бұл қатарға Шұқырсай және Игілік елді мекендері де кіріп отыр, — деген полиция бөлімінің бастығы Мұрат Әбілханұлы Мақташы ауылындағы ел тыныштығын ойлаған дүкен иелері Тәңірбергенов Жалғас Досанбайұлы мен Сырлыбаева Айнұр Тұрдалықызына Полиция басшылығы атынан алғыс хат табыстады.
Аудандық полиция бөлімі бастығының жергілікті тұрғындармен кездесуіне Келес ауданының әкімі Жәнібек Ағыбаев, аудандық құрылымдық бөлімдердің басшылары мен ауыл, ауылдық округтерінің әкімдері және аудан тұрғындары қатысты. Кездесу барысында құқықбұзушылықтың алдын-алу бағытында атқарылған жұмыстар мен алдағы міндеттер баяндалды. Полиция бастығы тұрғындар тарапынан көтерілген сұрақ, ұсыныс, пікрлерге назар аударып, тиісті жауаптарын берді. Жиын соңында аудан басшысы Жәнібек Есенұлы алаяқтық, жасөспірімдермен болатын қылмысты түбегейлі болдырмау бойынша аудандық полиция бөлімінің бастығына нақты тапсырмаларды жүктеді.