Түркістан облыстық балалар ауруханасы заманауи 3 медициналық техникамен толықты. Олар бала ағзасына түсетін сәулелік жүктемені едәуір азайтып, сапалы ем көрсетуге мүмкіндік береді. Мамандар бұл, өңір бүлдіршіндерінің денсаулығын жақсарту мақсатында жасалып жатқан игілік екенін айтады.
Облыстық балалар ауруханасы 3 заманауи медициналық жабдықпен толықты. Соның бірі ангиограф аппараты. Ол құрылғы капиллярлардың, қан тамырларының және артериялық ауруларға диагностика жасап, емдеуге мүмкіндік бар. Мамандар бұл аспап арқылы жасалған ем-дом шарасынан кейін, балалар құлан таза айығып кететінін айтады.
«Облысымызда туа біткен ақаулардың саны көбейіп келеді. Оның үстіне бала туу да көп, сондықтан диагностика да күшейіп жатыр. Сол үшін қазір осы ангиограф деген аппаратпен ота жасалып жатыр. Бұл оперциядан кейін трансплантация және басқа шаралар жасаудың қажеті жоқ. Біз жасаған отадан соң 6-12 айдан соң бала дені сау болып есептеледі. Бұл біздің келешегіміз үшін өте керек дүние», — дейді облыстық балалар ауруханасының дәрігері Рафик Амиров.
Елімізде балаларға маңызды ота жасау бойынша топ-3 кіретін ауруханада 18 мыңнан астам науқас емделеді. Сондықтан ақ халаттылар мұнда жаңа аппараттар әкелу маңызды екенін айтады. Сол бағытта жоғары сапалы компьютерлік томограф іске қосылды. Бұл игілік балалар ағзасына сәулелік жүктемені едәуір азайтуға жол ашады.
«Сәулелік диагностика бөлімі заманауи жабдықтармен жабдықталған. Қазір өздеріңіз көрген компьютерлік томографы, сонан соң ангиограф аппаратын және магнитті резонанстық томография аппараты орнатылған. Балаларға емді облыстық балалар ауруханасы ғана емес, Түркістандағы балалар ауруханасы мен аудандардағы мекемелерде де көрсетіп жатыр. Өзіміз тамашалаған томографы аппараты бізде тағы 15 ауруханада орналастырылды», — дейді ТО Денсаулық сақтау басқарма басшысының ана мен бала жөніндегі орынбасары Салтанат Жабағиева.
Түркістан облысындағы медициналық ұйымдарды техникалық жабдықпен қамту мақсатында 8 млрд теңге бөлінген. Мамандар оның басым бөлігі ана мен бала денсаулығын жақсарту саласына бағытталғанын айтады. Сондықтан алда аудандық деңгейдегі ауруханаларға тағы 3 компьютерлік томограф пен 3 ангиограф орнату жоспарланып отыр.