Шымкент қаласының 65 жастағы тұрғыны осыдан 3 жыл бұрын инсульт алған. Науқас ауыр дерттің салдарынан мүгедектер арбасына таңылып, қайта сауығудан күдер үзеді.
Бірақ «Атамекен» оңалту орталығының дәрігерлері қарияға МӘМС аясында үздіксіз оңалту шараларын көрсетіп, жақында аяққа тұрғызды. Инсульт мидың ұзақ мерзімді зақымдалуына, мүгедектікке, тіпті өлімге әкелуі мүмкін. Сондықтан аталмыш дертпен күресте науқастың ерік-жігері мен медициналық көмектің сапасы маңызды. Орталықта білікті дәрігерлердің емі талай жанға шипасын беруде. Былтырғы жылдың өзінде мұнда неврология, травмотология және ортопедиялық бағыттар бойынша 2000-ға жуық науқасқа оңалту шаралары көрсетілген. Емдеу мекемесі заманауи медициналық құрал-жабдықтар және емдік дене-шынықтыру кабинеттерімен жабдықталған.
МӘМС шеңберінде ересектер мен балаларға медициналық оңалту көмегіне қолжетімділік артуда. Бүгінгі таңда Шымкентте кардиологиялық, неврологиялық, ортопедиялық және жалпы оңалту шаралары мен травматологиялық, пульманологиялық бағыттар бойынша 68 медициналық ұйым көмек көрсетеді. Емдеу мекемелері былтыр 400 мыңға жуық оңалту шараларын көрсеткен.