Түркістанда бүгін 2 бірдей маңызды нысанның ашылу салтанаты өтті. Оның бірі полицияның қызмет көрсету орталығы болса, екіншісі Ұлттық ұланның бөлімі. Ғимараттың ашылу рәсіміне ІІМ орынбасары арнайы қатысты. Енді жаңа нысанда тәртіп сақшылары тұрғындардың арыз-шағымын қабылдап, кеңестер берумен айналысады.
Түркістан бүгін жаңа ғимараттармен толықты. Соның бірі полицияның қызмет көрсету орталығы. Мұнда азаматтар арыз-шағымын қалдырып, проблеманы уақтылы шешуге барлық мүмкіндік жасалған. Мамандардың сөзінше тұрғындар мұнда көліктерге қатысты барлық ақпаратты бірнеше күн күтпестен, лезде ала алады.
«Мұнда тұрғындар электронды кезек алып, толғандырған мәселесін 2 қабатта отырған мамандарға жолдау алады. Мұнда көші қон, әкімшілік істер бойынша кез келген арызын жеткізіп, қажет ақпаратына қол жеткізе алады. Біздің орталық тұрғындардың уақытын үнемдеуге бағытталған», — дейді әкімшілік полиция басқармасының бастығы Алмас Тастанбеков.
Сонымен қатар, бүгін пайдалануға берілген су жаңа мекеменің бірі Ұлттық ұлан ғимараты. Мұнда 6506 әскери бөлімі қызметкерлері ауысып келді. Күнгей өңірге арнайы келген Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары Еркін Ботақанов, нысан ел президентінің тапсырмасын орындау аясында құрылғанын айтады.
«Бұл жаңадан ашылған нысанда көп іс-шаралар өтеді деген ойдамын. Біздің Ұлттық ұлан қызметкерлері елімізге адал қызмет етеді деп сенемін. Сол үшін жағдай жасалып жатыр. Анттарыңызға адал болып, қызметте жоғары деңгейге жете беріңіздер», — дейді ҚР Ішкі істер министрінің орынбасары Еркін Ботақанов.
Ел игілігіне берілген нысандарды өңір басшысы да аралап шықты. Заманауи ғимараттың ерекше мүмкіндігін жоғары бағалаған облыс әкімі тәртіп сақшыларын құттықтады.
«Былтыр облыс орталығында Полиция депертаментінің және Жедел басқару орталығының ғимараттары пайдалануға берілді. Ал бүгін ашылған Ұлттық ұлан ғимаратында асхана, дене шынықтыру залы, казарма, қару-жарақ қоймасы, дәрігерлік пункт, тирмен қамтамасыз етілген. Жалпы құны 3,1 млрд. теңгені құрайтын ғимаратта сарбаздарға тиісті жағдай жасалған. Осы жылы Полиция қызметін қамтамасыз ету үшін жергілікті бюджеттен 19,3 млрд. теңге бөлінді. Өткен жылы тәртіп сақшылары 30 жеңіл автокөлікпен қамтылды. Облыс әкімдігі сіздерге тұрақты қолдау көрсетеді. Жаңа ғимараттың ашылуымен құттықтаймын! Еліміз тыныш, жұртымыз аман болсын», — деді Түркістан облысының әкімі Дархан Сатыбалды.
Қызметтік орталық бір мезетте 50 адамға көмек көрсете алады. Мұнда 10-нан астам полиция қызметкері, яғни көші-қон, әкімшілік, жергілікті полиция салалары мен басқа да мамандар қажет жағдайда өз кеңесін беруге дайын.