«Ұлттық қор балаларға» бүгінгі ақша аударымы-тарихи оқиға

39

2024 жылғы ақпанның 1-ші жұлдызы тарихта қалатын атаулы дата. Бүгін «Ұлттық қор балаларға» қорынан Тәуелсіз Қазақстанның болашағы- туған нәрестеден 18 жасқа дейінгі балалардың есеп шотына ақша түсті.

Әл- Фараби ауданының аналар алқасының  төрайымы Тұрсынай Барлыбаева немерелері мен шөберелері үшін қуанышты. Ертең өскенде олар үшін білімін жалғастыруға, баспаналы болуға керемет мүмкіндік туды. «Халықтың байлығын мемлекетіміздің келешегі өскелең ұрпаққа жұмсауы- бұл бүгінгі  биліктің көрегендігі»,- дейді ақ жаулықты ана.

Тұрсынай Барлыбаева, Шымкент қаласы Әл-Фараби аудандық аналар алқасының  төрайымы: «Бүгінгі күн мен үшін өте қуанышты күн. Өйткені, әрбір баланың есеп шотына ақша аударылды. Бұрын «Араб елінде балаларға  ақша аударылады» дегенде таң қалушы едік. Аллаға шүкір. Қазақстанда туған нәрестеден бастап 18 жасқа толған балаға дейін есеп шотына ақша түсті. Халқымды, елімді осы елеулі оқиғамен құттықтаймын. Осындай қамқорлық жасаған қоғамға, мемлекетімізге  алғыс айтамын».