Балаңыздың шотына ақша түсті ме?

58
фото qazaly.kz

Ақпан қазақстандықтар үшін жағымды жаңалықпен басталды. Бүгін елімізде 18-ге толмаған барлық бала 45 мың теңгеден иемденді. «Ұлттық қордан» жалпы саны қанша балаға қаражат түсті? Алғашқы жарнаның түскен, түспегенін қалай тексереміз? Және оны қалай алуға болады?

Бүгін елімізде балалардың арнайы шотына Ұлттық қордан алғашқы ақша аударымы жасалды. 18-ге толмаған әрбір бала 45 мың теңгеден иемденді. Ұлттық қордан баласына қаржы алған аналардың қатарында мен де бармын. Бүгін менің 1 жасар қызымның шотына алғашқы жарнасы түсті. Айта кетейін, деректерге сәйкес, бағдарламаға қатысушылардың жалпы саны еліміз бойынша 7 млнға жуық»

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры: «1-ші ақпаннан бастап Қазақстанның барлық балалары бар азаматтарға «Ұлттық қордан» алғашқы қаражат есептелді. Бағдарламаға 6 919 131 бала қатысты. Олардың барлығына 100,52 USD мөлшерінде қаржы есептелді. Бұл алғашқы есептеу екенін түсіну маңызды. Жыл сайын есептелген сома ұлттық қордың өсуі мен инвестициялық кіріс есебінен ұлғаяды»

Айта кетейік, бұл қаржы ай сайын емес, жыл сайын түседі. Қазақстандықтар алғашқы жарнаға қарап, жиналатын соманы да есептеп үлгерді. Пікір білдірушілер қатарында 100 АҚШ доллары аз дегендер де жоқ емес. Ал, бұған сенатор былай деді.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Ия, бұл қаражат әзірге аз шығар. Дегенмен, бұл алғашқы кезге өте жақсы. Бұл сома белгілі деңгейге дейін жиналғанда баланың оқуын төлеуге әжептеуір көмек болады. Бұл жетімдер үйіндегі балалар үшін де үлкен қолдау. Олар кәмелетке толып, баспана алар тұста бұл ақшаның көп көмегі тиеді»

Дәурен Темірбеков, ҚР Қаржы вице-министрі: «Бұл тек бастамасы. Жобаның барлық тиімділігін толық 18 жыл бойы бағдарламаға қатысқан балалар көреді»

Бала 18 жасқа толғаннан кейін жиналған қаржыны тек екі мақсатта қолданады. Тұрғын үй жағдайларын жақсартуға немесе білім алуға. Дегенмен халық қалаулыларының сөзінше алдағы уақытта қаражат балалардың еміне де қолданылуы мүмкін.

Ольга Булавкина, ҚР Парламенті Сенатының депутаты: «Бұл сұрақты алдағы уақытта қарастыруға болады. Шынымен де ауыр дертке шалдыққан балалар да бар. Бұл қаржы балалардың еміне де көмек бола алады. Ал, қазір алғашқы қаражат түсті. Бұл сұрақты қарастырамыз, бұл қаражаттың пайдасы үлкен болмақ»

Ал, бұл қаражат үшінші мегаполисте 500 мыңнан астам балаға түскен. Дегенмен, тұрғындардың басым бөлігі ұлттық қордан қаржы түскенін, және оны қалай тексеру керектігінен бейхабар болып шықты.

«Жалпы естігенім бар, бірақ түскенін естімедім. Маған түспеді әлі ештеңе. Оны қалай тексеру керек?».
«Жоқ, тексере алмадым. Қалай тексеретінін білмеймін ғой».
«Ия, 100 доллар түсті. Көбейе берсін деп жатырмыз ары қарай, енді» ,- деді шымкенттік тұрғындар.

Сіздің балаңыздың шотына қаражат түскенін kids.enpf.kz сайтына кіріп тексеруге болады. Ол үшін сайтты ашып, арнайы орынға балаңыздың жеке сәйкестендіру номерін енгізу қажет. Ал, егер сіздің балаңыз бұл тізімде болмаса, не істеу керек? Бұл сұраққа арнайы маман жауап берді.

Мұрат Шәріпов, «БЖЗҚ» АҚ Басқарушы директоры: «Егер бала қандай да бір себептермен 2024 жылы “Ұлттық қор – балаларға” бағдарламасына қатысушылардың тізіміне енгізілмесе, бірақ мұндай қатысушы болуға құқығы болса, балалардың заңды өкілдеріне баланың ЖСН мен құжаттарының бар жоғын және дұрыстығын тағы бір рет тексеруді ұсынамыз. Егер баланың жеке басын куәландыратын құжаты немесе ЖСН жоқ болса тұрғылықты жері бойынша ХҚО жүгіну қажет. Азаматтығы жоқ, анықталмаған немесе көрсетілмеген болса, тұрғылықты жер бойынша көші қон қызметіне жүгіну қажет»

Мемлекеттік деректер базасына тиісті түзетулер енгізілгеннен кейін, біріңғай жинақтаушы зейнетақы қоры балаларды бағдарламаға қатысушылар тізіміне енгізеді. Және өткізіп алған кезеңді ескере отырып, 2025 жылы екі жылдың қаражаты есептеліп, баланың шотына түседі.