Шымкентте 8 балаға көкжөтел тиген

268

Шымкентте соңғы 15 жылда тіркелмеген көкжөтел ауруы байқала бастады. Жыл басынан бері бұл инфекцияны жұқтырған 9 науқас анықталған. Оның 8-і 14 жасқа толмаған бала. Тек бүлдіршіндер арасында кездесетін бұл дерттің дендеуіне не себеп?

Көпбалалы ана Ғалия Төлеубай кішкентай қызына аталған дертке қарсы вакцина алуға келіпті. Бұл — 1,5 жасар балақайдың төртінші екпесі. 30 жастағы келіншек барлық баласына қажетті антиденені уақытылы алуға тырысатынын айтады. Соның арқасында балалары кез келген дертке тез төтеп беретін көрінеді.

«Менің 4 балам бар. Әрқайсысында осы емханаға алып келіп, керек вакциналарын салдырамыз. Себебі баланың денсаулығымен ойнауға болмайды. Сондықтан бәріне екпені тұрақты салдыруды әдепке айналдырдық», — дейді Шымкент қаласының тұрғыны Ғалия Төлеубай. 

Көкжөтел — көбіне балалар арасында тарайтын ауру. Әсіресе 5 жасқа дейінгі бүлдіршіндер арасында жиі байқалып жатыр. Сондықтан ақ қалаттылар өз уақытында екпе алып, аурудың алдын алу керектігін алға тартады. Ал жөтел жұғып, дер кезінде ем-дом шаралары жасалмаса, салдары ауыр болатынын айтады.

«Қатты жөтел болғаннан кейін асқынып кетуі мүмкін. Қандай асқыну береді десеңіз, олар: пневмония, отиттер, қатты жөтеле берген соң көздің склерасына қан құйылуы, бетінің, қабағының ісінуі, мойын веналарының ісінуі. Одан бөлек жөтеле берген соң көтеншегі шығып кетуі, кіндік грижасы пайда болуы мүмкін. Кез келген дыбысқа, аузын ашқанға кері әрекет етіп, жөтеле береді де баланың еркін демалуына кедергі жасайды», — дейді №2 қалалық емхананың инфекционист-дәрігері Замира Сламбекова. 

Ал эпидемиологтар үшінші мегаполисте соңғы 15 жылда көкжөтелдің тіркелмегенін айтады. Биыл 1-1,5 жастағы балалар арасында жиі таралып жатыр. Оған себеп ұжымдық иммунитеттің төмендеуі дейді мамандар. Кейінгі жылдары вакцинадан бас тартқандар көбейіп кеткен. Салдарынан аурушаңдық белгілері белең алыпты.

«Ауырғандардың ішінде 80 пайызы ұлттық күнтізбеге сай вакцина алмағаны анықталып отыр. Көбіне бұл балаларға тән инфекция. Алайда үлкен кісілер де ауырып жатыр. Соңғы 30 жылда вакцина алмаған аналар да бар. Олардың баланы емізген кезде иммунитеті онсыз да төмен балаға ауру жұғып кетеді», — дейді Шымкент қалалық санитариялық-эпидемиологиялық бақылау департаменті басшысының орынбасары Айгүл Тұрымбетова.  

Сонымен қатар мамандар балаларды 3 жасқа дейін адам көп шоғырланатын аймаққа апармауға кеңес береді. Себебі көкжөтелмен ауыратын науқастарды емдеуге арналған арнайы дәрі-дәрмек жоқ. Онымен күресудің жолы нәрестенің 2 айлығынан бастап, 3 және 4 айлығында екпе алу. Ал 1,5-6 жасар бүлдіршіндерге ревакцинациялау жүргізіледі. Айта кетейік, ол вакцина құрамында 6 ауруға қарсы антидене бар.

(Фото: gov.kz)