Бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің қабылдауы өтті. Аманат партиясының бастамасымен құрылған кеңес отырысында Абай ауданының әкімі есеп берді. Жиында сыбайлас жемқорлыққа қарсы өңірде атқарылып жатқан жұмыстар туралы айтылды.
Шымкентте Абай ауданындағы 530 көшеге әлі асфальт төселмей, шағал таспен жатса, 53 көше топырақпен тұр. Бұл мәселе бүгін Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңесте көтерілді. Жалпы саны 1274 көшенің 688-інде асфальт бар деген аудан әкімі, бұл мәселенің бар екенін жасырмады.
Бұхарбай Парманов, Абай ауданының әкімі: «Біз шағал тас төсейтін едік. Әзірше оны тоқтатты. Қазіргі кезде бір смесьпен араластырса топырақ жол қатып қалады екен тас болып. Соны енді транспорт басқармасы өзі жасайды. Былтыр шағал тас төседік. Ал шұңқырларды жасауды әлі алған жоқпыз»
Жиында жол мәселесіндегі бірқатар проблема көтерілді. Жемқорлықтың көрінісі осы жол жөндеу мәселесінде көрініс табады деді кеңес мүшесі Әйгерім Жұмағұлова.
Әйгерім Жүмағұлова, «AMANAT» партиясы Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі қоғамдық кеңестің мүшесі: «Орта жөндеу қадағалай алмайтын жөндеулердің бірі. Күрделі жөндеуді бәрі қадағалайды. Ал орта жөндеу онша қадағаланбайды, қанша шұңқыр жамалды дегендей. Орта жөндеу жемқорлықтың иісі мүңкіп тұрған жері ғой. Соны кім қадағалайды?»
Бұл сұраққа Бұхарбай Парманов «Орта жөндеу транспорт басқармасының қадағалауында» деп жауап берді. Ал, бұл салада осындай мәселе туындамауы үшін, яғни жемқорлыққа жол бермеу үшін жол жөндеуді аудандарға бөлмеу керек дейді кеңес төрағасы.
Бауыржан Қуанышбаев, Шымкент қалалық филиалы жанындағы Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл жөніндегі кеңестің төрағасы: «Негізі жол мәселесінде егесі бір адам болу керек. Оны ауданға бөлгенге мен қарсымын. Өйткені бұл дұрыс емес. Егесі бір адам болу керек, сосын қай жолды қандай уақытта жөндеу керек әрқайссының құжаты болуға тиіс. Сіз туылдыңыз ба сіздің құжатыңыз бар. Ол жолдың да сондай құжаты болу керек. Ол қай уақытта күрделі жөндеуден, орта жөндеуден өтті соның бәрі жазылып отыру керек»
Айта кетейік, 2024 жылға аудандағы 125 км жолды жөндеуге 6 млн теңгеден астам қаржы қаралған.