Жәрмеңкеде 300-ге жуық кәсіпкер өз өнімін ұсынды

Шымкентте ауыл шаруашылы0 өнімдерінің жәрмеңкесі тұрақты түрде өткізіліп отырады. 23 наурыздың таңында Қажымұқан стадионында кәсіпкерлер өз өнімдерін ұсынды. Жәрмеңкеге 300-ге жуық кәсіпкер қатысты. Жауаптылар жәрмеңкені өткізудегі басты мақсат – қала тұрғындарына делдалсыз, тиімді бағада сапалы өнім ұсыну екенін айтады.

Сенбінің таңында қаладағы Қажымұқан стадионына келген адамның қарасы қалың. Бұл – мұнда халықтың әр апта сайын асыға күтетін азық-түлік жәрмеңкесі болып жатыр деген сөз.

Қаракөз Бекеева үйіне қажетті апталық азықты алу үшін жәрмеңкені қалт жібермейді екен. Сөзінше, мұнда баға нарықтан әлдеқайда арзан. Оның үстіне іздегеніңнің бәрін бірден таба аласың дейді ол. Сонымен қатар тауарлар шаруа қожалықтарынан тікелей келетін болғандықтан өнімдер өте балғын болады. Бұл сапаның жақсы екенін көрсетеді дейді сатып алушы.

«Мен келгенде қаппен картоп, пияз, май алам, сұйық майдың бағасы өте тиімді 2100-ден алып жатырмыз. Өте тиімді, менің алып жүрген нүктелерде жақсы бағасы.  Дәмханаға керек күріш, қант бәрін осы жақтан аламыз», – дейді қала тұрғыны Қаракөз Бекеева.

Таң атқаннан түс ауғанға дейін тауарларын сатып, тауысып үлгеретін саудегер кәсіпкерлер де әр сенбіні асыға күтеді. Жәрмеңкенің негізгі мақсаты – үкімет қаулысымен бекітілген әлеуметтік маңызы бар азық-түлік бағасын тұрақтандыру, қала тұрғындарына делдалсыз әрі тиімді бағада сапалы өнім ұсыну. Бүгінгі жәрмеңкеге 300-ге жуық кәсіпкер қатысып жатыр.

«Жәрмеңкеге 300-ге жуық қала кәсіпкерлері, жергілікті тауар өндірушілері, шаруа қожалықтары, сонымен қатар көтерме сауда қызметімен айналысатын кәсіпкерлер қатысуда. Жәрмеңкедегі күнделікті тұтынатын азық-түлік бағалары нарықтан 10-15 пайызға төмен бағада сатылады», – деді Шымкент қаласы ауыл шаруашылығы және ветеринария басқармасының бөлім басшысы Жандос Ханиев.

Жәрмеңке Шымкенттегі 8 аймақта өткізіледі. Басым бөлігі Абай, Тұран және Қаратау аудандарындағы халық көп шоғырланатын аумақтарда ұйымдастырылады.

Жауаптылардың сөзінше, жәрмеңкеде қоғамдық қауіпсіздікті қамтамасыз ететін құзырлы орган өкілдері мен тазалық жұмыстарымен айналысатын мекемелер бекітіліген.

Айта кетейік, ауылшаруашылығы өнімдерінің жәрмеңкесі апта сайын сенбі күні тұрақты түрде өткізіліп отырады.