«Таза Қазақстан» акциясына Мақтаарал жұртшылығы да белсенді ат салысып жатыр. Тұрғындар ауданда 30 жыл бойы қараусыз қалған М-39 «Ташкент-Термез» халықаралық автожолының бойы тазалап, 27 тонна қоқыс шығарылды.
Мемлекеттік экология акциясына қатысушылар сенбілікті көтеріңкі көңіл-күймен бастады. Аудан басшысы жұртшылыққа бұл акцияның мақсатын түсіндірді. Ол Өзбекстан мен Қазақстан арасындағы алтын көпір атанған автожол бойын тазалау – ел саясаты үшін де маңызды іс екенін айтты.
Алтын Ешенқұлова, Мақтаарал ауданы әкімінің орынбасары:
«Іс-шараға аудан әкімі аппараты, кенттер мен ауылдық округ әкімдіктері, дербес бөлімдердің мамандары, халықты жұмыспен қамту орталығы, спорт, мәдениет мекемелерінің қызметкерлері, аудан бойынша шекара басқармасының сарбаздары және аудан тұрғындары қатысты. Бұл шара әлі де жалғасады. Аудан тазалығы үшін аянбай еңбек етеміз».
30 жыл бойы қараусыз қалған М-39 «Ташкент-Термез» халықаралық автожолының бойын тазалауға шекара қызметкерлері де ат салысты.
Марат Тоқтарұлы, Мақтаарал ауданы бойынша шекара басқармасының офицері:
«Біз шекара қызметкерлері Мақтарал ауданының тазалығына үлес қосуға келіп тұрмыз. Өңіріміздің таза болуына әрбір тұрғын ат салысу керек деп ойлаймын. Бұл біздің азаматтық борышымыз».
Аудан бойынша сенбілік жұмысына 6560 адам, 26 техника қатысып, 27 тонна қоқыс шығарылды. «М-39» халықаралық автожолының Мақтаарал ауданындағы ұзындығы 24 шақырымды құраса, соның тең жартысына тазалық жүргізілді. Айта кетейік, ауданда алдағы уақытта «Сырдария», «Целинный» шекара бекеттері мен «Сапар» базары орналасқан магистрал жолға жөндеу жұмысы жүргізілмек.