Шымкенттің экологиялық ахуалында кезекті өзекті мәселе анықталды. Абай ауданындағы әуежай маңында орналасқан Қарасу каналының жағалауы тұрмыстық қалдыққа толып қалған. Қоғам белсенділері арна бойының бейберекет қоқыс полигонына ұқсап қалғанын айтып, дабыл қағып отыр.
Қарасу каналының арнасы мен жағалауын қоқыс басты. Жергілікті белсенділер жағдайдың мүшкіл екенін айтып, дабыл қағып отыр. Өзен бойында бірнеше метрге созылған қалдықтар тау болып үйілсе, су бетіндегі пластик бөтелкелер қабат-қабат болып жиналып, арнаны бөгеп тұр.
«Бұл сұмдық қой, не істеп жатырсыздар?!»
Экологиялық түйткілге Абай ауданы әкімдігі мен қалалық жайлы ортаны дамыту басқармасы назар аударды. Жауапты мекемелер оқиға орнына арнайы техника мен жұмыс күшін дереу жұмылдырды. Қазір мамандар канал арнасы мен жағалауын қоқыстан тазартып жатыр.
ШЫМКЕНТ ҚАЛАСЫ ЖАЙЛЫ ОРТАНЫ ДАМЫТУ БАСҚАРМАСЫ:
«Абай ауданындағы Қарасу көшесі бойында орналасқан каналдың жағалауында механикалық тазалау жұмыстары жүргізілді. Қоқысты жинау және шығару үшін 1 экскаватор, 1 КамАЗ арнайы техникасы және 6 жұмысшы жұмылдырылды. Нәтижесінде канал арнасынан шамамен 30 текше метр қоқыс шығарылып, аумақтың санитарлық жағдайы жақсарды. Қала тұрғындарын табиғатты аялауға шақырамыз».
Мамандардың айтуынша, каналдың ластануына тұрғындардың бейқамдығы себеп. Табиғатқа жанашырлық танытпай, қоқысты кез-келген жерге тастау — қоршаған ортаға орасан зиян келтіреді. Сондықтан жауаптылар тұрғындарды тазалыққа ұқыпты қарап, экологиялық мәдениетті сақтауға шақырады.
Әсел Мәлік






