Шымкентте қоғамдық көліктер мен жол сапасы сынға алынды. Қала тұрғындары жауапты мамандарға өздерін толғандырған мәселесі мен ұсынысын жеткізді. Оның ішінде аялдама жетіспеушілігінен бастап, жол ақысының жыры да бар.
Шымкенттік белсенділер қоғамдық көліктерге қатысты мәселе көтерді. Олар жолақысын төлемейтіндер мен қолма қол төлеушілердің нақты санын білу жолдарын ұсынды. Атап айтқанда қала тұрғыны автобустың кіре берісіне турникет орнату тиімді болатынын айтады.
«Валидаторды есіктің алдына қою керек. Есік ашылады. Картаны бірден есік алдынан басады. Сонда ғана ары қарай өте алады. Болды. Оған автобус жүргізушілері де қарап, ақша төле деп әуре болмайды. Бастысы ақша төленіп жатыр. Мәселе азаяды. Бұл басқа елдерде де қолданып жатқан тәжірибе», — дейді қала белсендісі.
Сонымен қатар үшінші мегаполистіктер қоғамдық көліктер мен аялдамалардың жағдайына шағымданды. Тұрғындар үніне құлақ түрген басқарма басшысы алдағы уақытта бұл мәселелерді қолға алатынын айтты.
«i-Kolik-ке» шағымдардың да қосымшасын кіргіздік. Автобустар қай аялдамада тұр? Қайда бара жатыр? Бәрін көріп отыра алатындай қылып қайта жасалып жатыр. Одан бөлек, полициямен да ақылдасып жатырмыз. Кептеліс болатын жолдармен жұмыс жағы қаралып жатыр», — дейді Шымкент қаласының жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының басшысы Роллан Ибрагимов.
Шымкентте валидатор немесе qr арқылы жол жүру ақысын төлеу құны 70 теңге. Ал қолма қол төлем еліміздегі ең төменгі баға 100 теңгені құрайды. Сонымен қатар, жергілікті азаматтар қоғамдық көлікке жүргізуіші ретінде тәжірибелі адам таңдалса және ол, тұрғындарға құрметпен қараса екен деген өтінішін жеткізді. Бұдан бөлек, тұрғындар төлем жүйесінің өте ыңғайлы екендігін де қоса жеткізді.