Úı ANONS Жақсылыққа жауап бере алмайтындар көп…

Жақсылыққа жауап бере алмайтындар көп…

фото Айару Совет

 

Бір таныс апайым бар. Үнемі өзін емес, өзгенің жағдайын жасап жүреді. Жақсылық жасаудан рекорд орнатқан десе де болады. Тіпті жақсылықпен жарысудан бәйгенің алдын бермейді десе де болғандай. Жасаған жақсылығына жауап беріп, рахметін жаудырып жатса жақсы ғой, кейбіреулері тіпті мәу демейді де ғой.

Ағайын туыс, бауырларының бәрін жарылқап бітіп, енді ұжымдағы, көшедегі бейтаныс біреулерге түскен ғой. Тапқан табысының жартысынан көбін өзгелерге жұмсайды. Несие қамытын киіп, төлей алмай жүргендер болса төлеп бере салады. Өзіне деп әкелген түскі асымен біреуді тойдырады. Тіпті қолындағы алтын сақинасын да шешіп бере салатын жомарттығы бар. Ұжымдастарын табиғатқа алып шығып, кәуаппен тойдыру мәрт апайымызға түк емес. Біреуді қуандырған, біреуге шаттық сыйлаған өзіне сондай ұнайды. Бірақ… Жасаған жақсылығын бір сәтте-ақ ұмытып, табағына түкіріп кеткендер де жоқ емес. Апайым сонда да қайтпайды. «Қайырымдылық қорын ашып алсаңызшы» дейтіндер де жоқ емес.

Бір жолы жұмыстағы бір жігіт «Жатақханада тұрамыз, үй суық, балаларым жаурап жүр» дегенін естіп базардан барып, тоқ пеш сатып әкеп берді. Әлгі жігіт рахмет те айтқан жоқ. Ал көктем шыққанда тоқ пешінің жылытатын екі «көзін» алып тастап, тас талқанын шығарып әкеп берді. Апайым сонда да қайтпайды ғой. Жаңа жылдық кешке баратын болғанбыз. Соншалықты көп те емес аз-маз теңгеден жинайсыңдар деп бұйрық түскен жоғарыдан. Соның өзін тауып бере алмаймыз дегендер шықты.

Үй алуға жағдайы болмай, жатақханада тұрып жатқан жігіттің ақшасын төлеп берді. Ал кешкі отырысқа ол келген жоқ. Достары келіп қалып, солармен «қуып» кетіпті. Қайтпас қайсар апайым сонда да жақсылық жасауын жалғастыра береді. «Айлық жалақылары аз ғой» деп, көше сыпырушыларға ұдайы ақша беріп тұрады. Өзінің соншалықты пейілінің кеңдігі ғой, әйтпесе өзінің де айлық жалақысы соншалықты көп те емес. Соны бәріне қалай жеткізетініне таң қалатындар көп. Қолы майлы. Үйіне барсаң дастарханын жайнатып тастайды. «Жоқ» деген сөз о кісінің сөздік қорында мүлдем жоқ. Әрдайым жоқтан бардан құрап жәрдем етіп жүргені. «Сіз сияқты жандар көп болса еліміз баяғыда гүлденіп кетер еді ғой» деп әзілдейтіндер де баршылық. Пейіл кеңдігі көпшілігімізден табыла бермейді ғой. Расында пейілі қазақтың дархан даласындай кең жаңдар қасқалдақтың қанындай тапшы ғой қазіргі заманда…

Г.Жұмаш