Скринингтен өту – қауіпті аурудың алдын алады. Мәселен жыл басынан бері осы тексеріс нәтижесінде Шымкентте 600 адамнан сүт безі обыры анықталған. Ал 187 адамның жатыр мойнының қатерлі ісігімен ауыратыны белгілі болды. Скринингтен кімдер өтеді? Оның тиімділігі қандай?
Шымкентте жыл басынан бері 600 адамнан сүт безінің қатерлі ісігі анықталған. Ал 187 адамға жатыр мойны обыры диагнозы қойылды. Бұл көрсеткіштер небәрі 3 айдың ішінде скринингтен өткен азаматтар арасынан анықталып отыр. Мамандардың сөзінше 2023 жылы онкологиялық ауру анықталғандар қатары әлдеқайда төмен болған.
Жақсылық Мәуленов, Шымкент қалалық онкология орталығының бас дәрігері:
«2023 жылы 82 адамнан сүт безінің қатерлі ісігі анықталды. Бұл аз көрсеткіш емес. Жатыр мойнының қатерлі ісігін 19 адамнан таптық. Тоқ ішектің қатерлі ісігі бізде 21 адамнан табылған»
Онкологиялық ісіктерді ерте анықтау арқылы адам өмірін сақтап қалуға да болады. Жалпы кез-келген ауруды ерте анықтау оның дамуына, қиын жағдайларға алып келетін диагноздардың алдын алуға көмектеседі. Скринингтен өту – осындай қауіпті аурулардың алдын алады.
Гүлбахран Төлеген, № 2 Шымкент қалалық емханасының учаскелік дәрігері:
«Скринингтің тиімділігі ерте сатысында онкологиялық ауруларды анықтау мен оларды уақытылы емдеуде. Және созылмалы ауруларды есепке алып, оларды емдеу. Скрининг жүргізу тегін медициналық кепілдендірілген көмектің негізінде және мемлекеттік медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі бойынша жүргізіледі. Бұның ішіндегі жалпы тәжірибелік дәрігердің қабылдауы мен артериялық қан қысымы, қант диабетін анықтау тегін медициналық көмектің негізінде жүргізіледі. Ал ары қарай тексеру қажет болса, мамандардың кеңесі, зерттеу, талдау жұмыстары қажет болған кезде ол медициналық әлеуметтік сақтандыру жүйесі арқылы жүргізіледі. Яғни науқастың медициналық сақтандырылған мәртебесі болуы керек»
Скринингтен денсаулығына ешқандай шағымы жоқ, белгілі бір жас тобындағы адамдар өтеді. Бұл халықтың денсаулығын сақтауға бағытталған маңызды шара. Мәселен 66 жастағы Минур Ахмедзакиқызы түрлі аурудың алдын алу мақсатында тұрақты түрде скринингтік тексеруден өтіп тұрады. Бүгін мекен-жайы бойынша өзі қарайтын қалалық №2 емханаға келіп, тексеруден өткен ол, өз денсаулығы үшін дәрігерлердің айтқанын бұлжытпай орындайтынын айтады.
Минур Ахмедзакиқызы, Шымкент қаласының тұрғыны: «Скринингке тұрақты түрде келіп тұрамын. Дәрігерлердің айтқандарының барлығын орындаймын. Тексеруден өтіп болған соң, нәтижесін сұраймын. Бәрі жақсы болып жатыр. Құдайға шүкір. Аман-есенбіз»
Скринингтік зерттеулер денсаулықты сақтау үшін өте маңызды. Сондықтан мегаполис дәрігерлері емхана шақырған сәтте скринингтен тұрақты түрде өту қажеттігін ескертеді.