Шымкентте қыз алып қашқан маңғыстаулық жігітке үкім шықты

142

Қылмыстық істер жөніндегі ауданаралық сотында Шымкенттен қыз алып қашқан маңғыстаулыққа қатысты іске нүкте қойылды. Ғаламтор арқылы танысқан бойжеткенге үйленбек болған жігітке Қылмыстық кодекстің 125-бабы 1-бөлігімен (Адам ұрлау) айып тағылды.

Жас жігіт бойжеткенмен Instagram желісі арқылы танысқан. Маңғыстау облысының Жаңаөзен қаласынан Шымкентке келген ол таңғы уақытта қаладағы Ахмет Байтұрсынов көшесінде жас қызды көлікке мәжбүрлеп отырғызып, Жаңаөзенге қарай жол тартқан. Осылайша алып қашып, үйленбек ойы болған.

Жәбірленуші оқу орындарының бірінің студенті, медициналық мекемелердің бірінде диплом алды практикадан өтіп жүрген. Қыз алып қашу операциясы да сол медициналық мекеме алдында болған.

Маңғыстаулық тұрғынды полицейлер жарты тәулік ішінде Алматы-Самара тас жолында Жалағаш ауылының маңында ұстаған болатын. Сот материалдарына сүйенсек, сотталушының кінәсі толық дәлелденген.

Жәбірленуші қыз соттан сотталушыға кешірім беретінін айтып, оған бас бостандығынан айырмайтын жеңіл жаза тағайындауды сұраған.

«Сот үкімімен жас жігіт кінәлі деп танылып, оған 4 жылға бас бостандығынан айыру жазасы тағайындалды. Қылмыстық кодекстің 63-бабын қолдана отырып, жаза шартты деп белгіленді. Үкім заңды күшіне енген жоқ» делінген қалалық сот мәліметінде.

Еске салсақ, қыз алып қашу қылмысы туралы биыл ақпан айында белгілі болды. Бұл сәт көшедегі бейнебақылау камерасына түсіп қалған. Көп ұзамай бұл істі Адам құқықтары жөніндегі омбудсмен өз бақылауына алды.