«Таза өлке – Түркістан» акциясын облыс әкімі Дархан Сатыбалды бастап берді. Ол жастарды тазалыққа шақырып, отаншылдық – тазалықтан басталатынын түсіндірді. Және ағаш егіп, туған жердің тазалығын сақтау, табиғатын қорғау әрбір адамның міндеті екенін жеткізді.
Дархан САТЫБАЛДЫ, Түркістан облысының әкімі:
«Түркістан облысында «Таза өлке – Түркістан» акциясын бастадық. Осыған байланысты өткен аптадан бері аудан, қалаларда тазалық, көгалдандыру жұмыстары басталып кетті. Бұл – бір айлық науқан емес. Мақсатымыз – тазалық сақтау, ағаш, гүл егуді өмірлік дағдыға айналдыру. Осы салаға жауапты басқармаларға, аудан, қала әкімдеріне, коммуналдық мекемелерге нақты тапсырмалар берілді. Арнайы техникалар, ресурстар бөлінді. Біз «Таза Қазақстан» акциясы аясында Түркістанымызды одан сайын түрлендіре түсеміз! Оған мүмкіндігіміз жетеді».
Республикалық акцияның мақсаты – экологиялық мәдениетті қалыптастыру, тұрғындардың, жастардың табиғатқа деген сүйіспеншілігін ояту. Айта кетейік, өңір басшысының сөзінше, 2021-2025 жылдар аралығында күнгейде 800-ден астам елді мекенді көгалдандыру үшін 4 миллионнан астам көшет егу көзделген. Оның бір миллионы биыл егіледі.
Акция басталғалы облыста 1500 көше және 33 мыңнан астам аяқжол тазаланып, 850 тонна қоқыс шығарылған. Және 140 мыңнан астам ағаш әктеліп, 138 мыңға жуық көшет отырғызылды. Бұдан бөлек 275 саябақ және сквер, 192 дана балалар және спорт алаңшасы тазаланды. Бұл науқанға 279 техника және 15 мыңнан астам адам жұмылдырылған.