Зауыт ғимаратынан құлаған жасөспірім жансақтау бөлімінде жатыр

48

Шымкентте 11 жасар қыз Гидролиз зауыты ғимаратының үшінші қабатынан құлап кетті. Оқиға 16 сәуірде зауыт аймағында ойнап жүрген кезде болған. Дереу балалар ауруханасына жеткізілген жасөспірім жансақтау бөліміне жатқызылды.

11 жасар қыз қараусыз тұрған «Шымкент гидролиз зауыты» ғимаратының 3-ші қабатынан құлап кетті. Оқиға 16 сәуір күні болған. Зауыт аумағында ойнап жүрген кезде 5 қабатты ғимараттың үшінші қабатынан 2013 жылы туылған қыз құлап түскен. Оған төтенше жағдай қызметкерлері алғашқы көмек көрсетті.

Ерсұлтан Әбілдабек, Шымкент қаласы 2 өрт сөндіру бөлімі бастығының орынбасары:
«Оқиға орнына ТЖ департаментінің 3 адам жеке құрамы және қарауыл бастығы а.қ. капитаны Қ.Дүйсенов шыққан. Жедел жәрдем келгенге дейін ТЖ қызметкерлері алғашқы медициналық қызмет көрсетті. Қазіргі таңда зардап шеккен қызды жедел жәрдем қызметкерлері «ашық аяқ сынығы» диагнозымен ауруханаға жатқызды. Шымкент қаласы ТЖД балаларды қараусыз қалдырмауды сұрайды».

Жасөспірім дереу балалар ауруханасына жеткізіліп, нейрохирург, травматолог, хирург, реаниматолог дәрігерлері тексеріп, жағдайының ауырлығына байланысты жансақтау бөліміне жатқызылды. Бүгін оған ота жасалды.

Болат Нұсқабаев, жарақат бөлімінің меңгерушісі: «Жансақтау бөлімінде емдеу хаттамасына сәйкес лабораторлы және инструменталды тексерулер жүргізіліп, шокқа қарсы ем тағайындалды. Науқасқа «Қосарланған жарақат. Бас миының соғылуы. Маңдай аймағының тері асты гематомасы және соғылуы. Оң жақ сан сүйегінің ортаңғы 1/3 бөлінінің ашық сынуы. Оң жақ тізе буыны аймағының соққыланған жарасы» диагнозы қойылды».

Қазір 11 жасар жансақтау бөліміне ауыстырылды. Жасөспірімнің жағдайы дәрігерлердің жіті бақылауында.