Шымкентте 17 жастағы жас түлек шетелдің 40 университетінен шақырту алған. Енді оқушы Малайзияда білім алмақ. Сонымен қатар, шетелдің 20-дан астам университеті оқуға шақырып отырған мегаполис оқушылары да бар.
Бұл 17 жастағы жас түлек шетелдің 40 университетінен шақырту алды. Сунатулла Октамов бағын сынап 110 оқу орнына құжат тапсырған. Енді міне шақырту алған білім ордаларының арасынан Малайзиядағы университетті таңдап отыр. Оқушы 1 жыл білім алғаннан кейін Еуропадағы оқу орнына ауысатынын айтады.
Сунатулла Октамов, оқушы: «Малайзияда бір жыл оқып, содан басқа елге ауысуды жоспарлаймын. Өйткені менің шақыртуларымда Европадан шақыртулар бар. Ол программа арқылы сол жаққа түсемін. Менің ойымда сол жақтың білімін алып, өзіміздің Қазақстанға әкеліп, Қазақстанда бизнесті дамыту ойымда»
Бұл мектеп бітіруші екі қыз да енді шетелде білім алмақ. Нұрай Бейбітбай 21 университеттен шақырту алса, Динараға 20 оқу орны құшақ ашқан. Оқушылардың бірі Италияда білім алуды таңдаса, енді бірі Америка Құрама Штаттарына жол тартпақ.
Нұрай Бейбітбай, оқушы: «Себебі дәл осы университет менің осы бизнес сферама өте көп мүмкіндік береді. Және де осы бизнес сфераны оқып, содан кейін өзімнің еліме қайта оралып, жұмыс істесем бе деген ойым бар. Себебі білесіздер ғой, әйгілі компаниялар бар, сол сияқты мен де өзімді осы елімді барлық бүкіл әлемге таныстырғым келеді»
Динара Нұрдәулет, оқушы: «Мен әлем бойынша 20 –шы тұрған университет Торонто деген университеке түстім. Дегенмен менің қалауым Америка болған соң сол универді таңдадым. Менің ойымша Америкада менің мамандығым бойынша көптеген мүмкіндіктер бар»
Шетелдік университетке жолдама алып отырған бұл оқушылардың барлығы бір білім орталығында дайындалған. Академия дайындаған 30 оқушының барлығы шетелдік оқу орындарынан шақырту алған. Олар жалпы соммасы 12 млн. доллардың грантын ұтып алыпты.
Айгерім Асқарбекқызы, білім орталығының директоры: «Біздің мақсат-бәсекеге қабілетті жастарды өсіру. Біздің жігіттеріміз, қыздарымыз шетелге барып, мықты тәжірибелерді жинап келіп, Қазақстанның экономикасын дамытуына, Қазақстанды өсіруге үлесін қосады деп сенеміз»
Ата-ана мен ұстаздардың үмітін ақтаған үздік оқушылардың да мақсаты — осы. Шет елдің озық білімін алып, оны өз елінің игіліне жұмсау.